Қытай үшін отын ретінде көмірден бас тарту оңайға соқпайды

Қытайда жаңартылатын энергия көздерінің қуаты қазан айының соңында бір миллиард килоВаттан асты. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 6 есе көп. Ел билігі 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына жетуді мақсат етіп отыр. Сондықтан жасыл экономиканы дамытуға және ауаға таралатын көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға басымдық беріліп отыр. Алайда Қытай қоршаған ортаны ең көп ластайтын ел екенін ескерсек, бұл күрделі міндет.

Бейжіңдегі машина жасау зауыты экологиялық шараларды қолға алған алғашқы кәсіпорындардың бірі. Мұнда экскаваторлар, крандардан бөлек өзге де ауыр техника шығарылады. Бірақ жұмыс істеп жүрген адам қарасы аз, бар істі негізінен «ақылды құрал-жабдық» атқарады. Автоматтандырылған өндіріспен қатар жасанды интеллект пен 5G технологиялары қолданылады. Қажет энергияны Күн мен желден алады. Компания басшылығының мәлімдеуінше, соңғы уақытта таза энергияның құны екі есе төмендеген.

Дай Цинхуа, машина жасау компаниясының вице-президенті:

- Алдағы уақытта машиналарды электрлендіруді көздеп отырмыз. Былтыр электр қуатымен жұмыс істейтін бетон араластыратын машиналар мен теңіз айлақтарына арналған техниканы сата бастадық. Бұл негізінен литий және қорғасын батареялары. 

Алайда мұндай кәсіпорындар әзірге көп емес. 2019 жылы бүкіл әлемдегі көміртек қалдықтарының 27 проценті Қытайдың үлесінде болған. Қыркүйек айында кей өңірде электр энергиясы тапшылығы туындады. Салдарынан шамадан тыс энергия пайдаланатын кәсіпорындар өндірісін қысқартуға я болмаса толық тоқтатуға мәжбүр қалды. Әлем бойынша ең көп парник газын шығаратын ел болғандықтан Қытайда оларды шығаруға бөлінген квоталарды онлайн-сату жүйесі ендірілді. Әзірше оған 2 мың кәсіорын қатысып отыр. Олар жылына ауаға 4 млрд тоннадан аса көміртек шығарады екен.

Мэн Вэй, ҚХР Даму және реформалар бойынша мемлекеттік комитеттің ресми өкілі:

- Ғылымға негізделген, стандартталған әрі қолдануға болатын жүйе құру үшін көміртек мөлшерін есептеу әдісін қосымша зерттеу қажет. Көміртек нарығына қатысты заңдар мен ережелерді жетілдіріп, кәсіпорындарды күнделікті бақылау керек. Сондай-ақ технологиялық инновацияларды қолдану үшін ғылым-техникалық салада реформалар ауқымын кеңейтуге тиіспіз. 

Ел басшысы Си Цзиньпин 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа жету мақсатын былтыр қыркүйекте жариялаған болатын. Жоспар бойынша 2030 жылы таза энергияның үлесі 25 процентке жетеді. Билік атом энергетикасын да дамытуға ниетті. Қазір елде 51 реактор бар. Таяуда осы қуат көзімен 200 мың тұрғыны бар қала толығымен жылытыла бастады. Нәтижесінде жылына 100 мың тонна көмір үнемделеді.

Ботагөз Сырғабаева