430,43 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Чехияда көше кезген үйсіздер мейрамхана тамағын ішетін болады

  • 51
  • UPD: 15:57, 25.11.2021

Чехияда енді көше кезіп жүрген баспанасыздар мейрамханада дайындалған тағамдардың дәмін тататын болды. Елде қоғамдық тамақтану орындарының, қоқысқа тастайтын азық-түлік мөлшерін реттейтін заң қабылданды. Орта есеппен Прагадағы бір кафеде, күніне 25 келі дайын тамақ артылады екен. Енді ол волонтерлік ұйымдарға тапсырылып, олар өз кезегінде оны баспанасыздарға үлестіреді. Алайда дәмхана иелерінің біразы бұған алаңдап отыр. Бұл қайырымдылығының салдарынан санитарлық қызметтің қармағына ілігуі мүмкін дейді.

Волонтерлер бұрын да азық-түлік үлестіретін. Алайда белсенділер бәрін өз есебінен дайындайтын. Ал шамасы тек бутерброд, сорпа, балық секілді қарапайым тағамдарға жететін. Алайда Мемлекеттік бақылау қызметі жуырда өткізген тексеруі Чехиядағы қоғамдық тамақтану орындарының дені дайын асын килограмдап қоқысқа тастайтыны анықталды. 

Ян Адорски, қайырымдылық ұйымның еріктісі:

- Қаладағы асханалардың жұмысын зерттедік. Орта шамамен әрқайсысы күніне бір мың ыстық тағам дайындайды. Кем дегенде 120-сын жемей қалдырады, ал оны екінші рет беруге рұқсат жоқ. Кейбір дәмханалар асын волонтерлерге немесе тікелей мұқтаж жандарға таратқысы келмейді, өйткені құжат рәсімдеудегі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ал артылған тамағы бәрібір қайыршылардың қолына түседі. Бірақ таза ыдыста емес, қоқыс салынған қаптарда. 

Анжэй Джомович, дәмхана менеджері:

- Бұл кедейлерге көмек бергіміз келмейді деген сөз емес. Егер біз мұқтаж жанға дайын тағам беріп, өзге бір себеппен денсаулығы сыр берсе, санитарлық қызмет келіп, бізге кінә тағуы, тіпті мекемемізді де жабуы мүмкін. Өз залымызда ас бергенде біз ол үшін жауап беріп, тазалық сақтаймыз. Ал тамағымыз кафе сыртына шығып, өзге адамдар оны үлестірсе өнімімізді қалай бақылаймыз? Бұл іске қатысты еш құжат бекітілген жоқ.  

Волонтерлердің айтуынша, кәсіпкерлер толық ақпаратпен қамтамасыз етілмеген. Азық-түлікті тасымалдау мен сақтаудың түгел жай-жапсары келісімде жазылады. Дүйсенбіде 6 қайырымдылық ұйымның жетекшісі Прага мэриясынан тоңазытқышпен жабдықталған көліктерді жалға беруді сұрады. Олар дәмханалардан тағамдарды тура үлестіру орындарына жеткізу үшін қажет. 

Мариуш Малецки, Прага мэриясы қоғамдық және жастар ұйымдарын дамыту бөлімінің басшысы:  

- Жаңа заң ас беру ережелерін айқын нақтылаған. Мысалға, мейрамханалар беретін тағамдардың дайындалу мерзімі 6 сағаттан аспауы тиіс. Сондай-ақ дәмханалардың өздері де үлестіре алады. Егер бұрын қосымша құжат керек болса, енді өздері баспанасыздарды тамақтандыра алады.  

Үкімет берген жеңілдіктерге қарамастан дәмхана иелерінің көбі бұл жобаға күмәнмен қарап отыр. Заң мен қаражат мәселелері де толық шешілген жоқ. Тамақты тегін таратса да қосымша құнға қосылған салықтан босатылмайды. Десе де, дүйсенбіден бастап Прагадағы тамақтану орындарының жартысынан көбі мұқтаж жандарға ас үлестіре бастады.

Алексей Лаптенок, Павол Демитра

Хабар 24 телеарнасы