Лукашенко мигранттар тұрып жатқан орталыққа барды

Беларусь шекарасын бірнеше апта паналаған мигранттардың алды отанына орала бастады. Бір аптада мыңнан астам Ирак азаматы туған елге қайтты. Дегенмен, орта жолдан қайтпаймыз деген босқындардың бір тобы наразылық акциясын ұйымдастырып, Еуроодақ елдерінен көмек сұрады. Дәл осы миграциялық дағдарыс Франция мен Ұлыбритания арасындағы дауға себеп болды. Тараптар бірін бірі не деп айыптап жатыр?

Қарашаның басында Беларусь пен Польша шекарасына жиналған мыңдаған мигрант ашық аспан астында өмір сүріп, артынша уақытша орталыққа жайғастырылған. Барлығының арманы бір - Беларусь арқылы Польшаға, одан әрі Германияға жету еді. Алайда үміті үзілген босқындар біртіндеп үйіне қайта бастаған. Алғашқы тобы өткен аптада отанына оралған. Бұл 450-ге жуық Ирак азаматы. Енді міне олардың тағы 600-ге жуық отандасы да осындай шешім қабылдаған.  

БЛИЦ

- Біз тұрған жерде жаңбыр мен қар көп жауды. Кішкентай балалар үшін қиын болды. Үйіме қайтып оралғаным жақсы болды ғой. Енді ол бағытпен қайта жүрмеспіз.

- Біз Литва мен Беларусь шекарасында 14 күн өмір сүрдік. Минскке жету үшін көп ақшамыз кетті. Сосын екінші мәрте тағы шекара аспақ болдық. Ол кезде арада 18 күн жаттық. Сонда тек төртінші күні ғана бізге тамақ берді. Литва жағы Беларуське, Беларусь керісінше Литваға жіберіп, бізді екі арада сенделтіп қойды. Енді Еуропаға бармаспын. Керек емес. Отбасыммен осында қаламын.

Ал босқындардың тағы бір тобы жарты жолдан қайтпаймыз деп, Польша мен Беларусь шекарасында ереуіл ұйымдастырды. Бұл азаматтар Еуроодақтан көмек сұрап отыр. Өйткені күрделі саяси және экономикалық жағдайға байланысты отанына кері қайта алмайтындарын айтады.  

Мигранттар шекарада қиын жағдайда өмір сүргендерін айтып шағымданып жатыр. Біреуі тамақ пен дәрі-дәрмек жетпеді десе, енді басқалары суыққа төзбей, ауырып қалғандарын айтады. Өйткені көбі қысы жылы елдерден келіп, аязға үйренбесе керек. Енді басқалары күштік құрылым өкілдері зорлық-зомбылық көрсеткенін хабарлады. Сондықтан Беларусь президенті шекарадағы ахуалды өз көзімен көруді ұйғарған. Сөйтіп, Александр Лукашенко «Брузги» бақылау-өткізу бекетінің жанындағы көлік-логистикалық орталыққа келіп, Қызыл крест ұйымының өкілдері және мигранттардың өздерімен сөйлесіп қайтты.    

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

- Мына жердегі азаматтардың көбі Германияға жетуді көздейді. Өйткені онда жақындары бар. Солармен қауышқысы келеді. Оларды Германияға алып кетіңіздерші. Мұнда ондай 2 мың адам бар. Бұл Германия үшін көп емес. Айтарлықтай ауыртпалық салмайды. Польша тарабына да айтарым бар. 2 мың адамды шекара арқылы өткізіңіздер. Бізге қақтығыс керек емес. Бұл азаматтар не Беларусьте, не Польшада қалмайды. Олардың арманы Германияға жету.    

Көші-қон дағдарысы Франция мен Ұлыбританияда өршіп барады. Бірер күн Ла-Манш бұғазында мигранттар мінген қайық аударылған еді. Салдарынан 30-ға жуық адам көз жұмды. Марқұмдардың көбі Ирак азаматтары. Олар Франциядан Ұлыбританияға бет алған екен. Енді қайғылы оқиға үшін екі тарап бірін бірі айыптап отыр.  

Марва Мездур, Кале қаласындағы мигранттар қауымдастығының үйлестірушісі:

- Бұл оқиға үшін әрине контрабандашылар кінәлі. Дегенмен, бар жауапкершілік көші-қон саясатымен айналысатын тұлғалардың мойнында. Солардың кесірінен мұндай оқиғалар жиілеп кетті.

Италияда осындай қайғылы оқиғаның алды алынды. Лампедуза аралында 300-ге жуық мигрант мінген кеме суға кеткен. Абырой болғанда, жағалау күзеті дер кезінде келіп жетіп, олардың барлығын аман алып қалған. Негізі кейінгі апталарда Италияға су арқылы жетпек болған босқындар саны көбейген. Ресми статистика бойынша биыл елге 60 мыңдай мигрант келіпті. Бұл былтырмен салыстырғанда екі есе көп.