Коронавирус Еуропаны қайтадан қыспаққа ала бастады

Коронавирус кәрі құрлық елдерін қайтадан қыспаққа ала бастады. Еуропа мемлекеттерінде вирус жұқтыру дерегі артып барады. Осыған байланысты әр ел өзінше індеттің тарауын шектеуге тырысып жатыр. Бірі вакциналау қарқынын үдетті, енді бірі шектеу шараларын қатаңдатып жатыр.   

Халықты вакциналау жағынан әлемде көш басында тұрған Португалияда коронавирустық шектеулер қайта күшейтіледі. 1 желтоқсаннан бастап жабық ғимаратта бетпердемен жүру міндетті болады. Сонымен қатар азаматтар мейрамхана, кинотеатрлар мен қонақүйлерге кірерде екпе салдырғанын немесе ауруынан айыққанын растайтын куәлік көрсетуі керек. Тіпті вакцина алғандардың өзінде аурухана, қарттар үйі мен сауық кештеріне барарда теріс нәтижелі тест анықтамасы болуы шарт. Шетелден келушілерге де осындай талап қойылған.

Португалия премьер-министрінің айтуынша, мұндай шара вирус жұқтыру деректерінің көбеюімен байланысты. Соңғы дерек бойынша 3 мыңнан астам науқас тіркелген.

Антониу Кошта, Португалия премьер-министрі:

- Ғимарат ішінде маска тағу міндетті болады. Мейрамхана, қонақүй мен жаттығу залдарына кірерде коронавирусқа қатысты куәліктің болуы да шарт. Сондай-ақ шетелден келген барлық жолаушылар да теріс нәтижелі тест анықтамасын көрсетуі тиіс. Қабылданып жатқан шаралар коронавирусты тежеу үшін қажет.

Слокавияда екі апталық қатаң локдаун жарияланды. Енді азаматтар өз үйлерінен себепсіз шыға алмайды. Билік өкілдерінің мұндай шешім қабылдауына елдегі эпидахуал себеп. Күн сайын кемі 10 мың азамат науқас деп танылуда.

Our World In Data дерегі бойынша бұл елде соңғы 7 күнде 1 миллион адамға шаққанда 13080 вирус жұқтыру жағдайы тіркелген. 5,5 миллион тұрғыны бар ел үшін өте жоғары көрсеткіш. Елдегі жағдайға вакциналау науқанының қарқынды жүргізілмеуі өз кесірін тигізсе керек. Бүгінге дейін Словакияның 45,7 проценті ғана екпе салдырған. Бұл Еуроодақ елдері арасындағы ең төмен көрсеткіш.

Ян Микас, Словакияның гигиеналық қадағалау басқармасының басшысы:

- Төтенше жағдай орнағандықтан тек негізгі нысандар ғана ашық қалады. Біз оларды екі топқа бөлдік. Біріншісіне жанармай құю бекеті секілді үздіксіз жұмыс істейтін нысандар жатады. Ал екінші топ таңғы 5-тен кешкі 8-ге дейін ғана қызмет көрсете алатын мекемелер. Оларға азық-түлік дүкені, дәріханаларды жатқызуға болады.

Төтенше жағдай Чехия елінде де жарияланды. Ол бүгіннен басталып, 30 күнге созылады. Ел билігі осылайша азаматтардың жүріп-тұруын мейлінше қысқартпақ ниетте. Яғни кафе-барлардың жұмыс уақыты кешкі 10-ға дейін қысқартылды. Бұқаралық іс-шараларға ары кетсе 500 адам ғана қатыса алады. Бұдан бөлек үкімет рождестволық жәрмеңкелерді өткізуге тыйым салу жағын да қарастырып жатыр. Айта кетейік, Чехия бұған дейін ек рет төтенше жағдай режимін енгізді. Соңғы рет ол 2020 жылдың 5 қазаны мен 2021 жылдың 11 сәуірі аралығында болды.