ДДСҰ: коронавирустың жаңа штамында көп мутация бар

Коронавирустың жаңа түрінен сақтанған әлем елдері шекараларын жауып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Женевадағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шұғыл отырысында коронавирус мутанты ресми VOC, яғни қауіп тудыратын нұсқа деп жіктелді. Бұл туралы ВВС ақпарттық агенттігі жазды.

«Бұл нұсқада өте көп мутация бар, олардың кейбірі аса қауіпті. Алдын ала мәлімет бойынша бұл түрінің басқа штамдармен салыстырғанда қайта жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ жаңа штамның осы түрі бұған дейінгі инфекцияларға қарағанда тез таралады», - деп атап өтті ДДСҰ.

Жұма күні таңертеңнен бастап әлем елдері шекарада шектеу шараларын күшейте бастады. Оңтүстік Африкада табылған және B. 1.1.529 деп аталатын коронавирустың жаңа қауіпті түрін өз аумағына әкелуге жол бермеуге тырысып жатыр. Қазіргі уақытта коронавирустың жаңа түрін 100-ге жуық адам жұқтырған. Олардың көпшілігі Оңтүстік Африканың Гаутенг провинциясында. Ресейден бөлек, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Израиль, Сингапур, Франция, Чехия және Жапония да Африка елдерінің азаматтарына елге кіруге тыйым салды. Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен барлық Еуропа елдерін вирустың жаңа түрі табылған елдерден келетін туристерді уақытша кіргізбей тұруға шақырды. «Қазір Еуропада бәріміз өте тез, батыл және үйлесімді әрекет етуіміз керек», - деді ол.

Айта кетейік, коронавирустың қауіпті делінген жаңа штамына «Омикрон» деген атау берілді.