Түркияда қаржылық ахуал қиындады. Ел үкіметі отставкаға кете ме?

Түркиядағы қаржылық ахуал күрделеніп барады. Осы аптада тарихи рекордты жаңартты. Сейсенбіде 1 доллардың құны 13,40 лирадан асып, жыл басынан бері ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бүгінгі бағам 12,40 лира. Ұлттық валютаның құнсыздануынан кейін елде қымбатшылық жайлады. Анкара мен Ыстамбұлда наразылық шеруі өтті. Шеруге жиылғандар үкіметтің отставкаға кетуін талап етті. 

Түрік халқын бірнеше күннен бері бір-ақ сұрақ мазалайды. «Лираның бүгінгі бағамы қанша?». Қаңтарда доллардың құны 7,3 лирамен сатылса, қазір 12-ден бой бермей тұр. Ал Еуропалық Одақтың негізгі валютасының жаңа рекордтық құны 14 лирадан асты. Сарапшылардың пікірінше, бұған инфляцияға қарамастан Орталық банкінің негізгі пайыздық мөлшерін көтермеуі мен Ақ үй басшысының АҚШ Федералды резервтік жүйесінің төрағасы Джером Пауэллді екінші мерзімге ұсынуы себеп. Өйткені, Джо Байденнің бұл шешімінен кейін инвесторлардың АҚШ орталық банкі пайыздық мөлшерлемесін көтереді деген сенімі артқан. Ал Түркия президенті Ердоған пайыздық мөлшерлемелерді «халық үшін үлкен қиындық» деп атап, төмендетуді белсенді түрде жалғастыратынын айтты. 

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті:

– Валюта бағамы, пайыздық мөлшерлеме, баға өсімі арқылы елімізді тізе бүктіргісі келетіндерді көріп отырмыз. Біз өзіміздің «ойындағы жоспарымызды» жалғастырамыз. Алланың және халқымның қолдауымен осынау экономикалық тәуелсіздік соғысынан жеңіспен шығамыз.

Елдегі доллар бағамындағы өзгерістерге байланысты жылжымайтын мүлік, көлік пен кейбір дүкендер өз жұмысын тоқтатты. Осы кезеңде көлік сатумен айналысатын 9 мыңға жуық кәсіпкер де сауданы жалғастыра алмайтындарын мәлімдеген. Ал елдің шығысында орналасқан Диарбакыр қаласындағы кәсіпкерлер, лираның бірнеше күнде 15% құнсыздануына қарсылық білдіріп, символдық түрде ақшаны өртеді.

– Жағдайымыз барған сайын нашарлап отыр. Біз де бұл жағдайға қарсы «жетеді» деу үшін бас қостық. Түні бойы, қарыздарымызды қалай төлейміз деп, тауарды сатып ала алмаймыз, қолымыздағыны қалай сатамыз деп ұйықтай алмаймыз.

– Бәріміз күтіп отырмыз. Қалай болады, не болады деп отырмыз. Төрт балам бар. Азық-түлік, коммуналдық қызмет пен үй жалдау ақысы өсті.

Нарықтағы жағдайға байланысты Анкарада нан 17 теңгеге қымбаттады. Наубайханашылардың айтуынша, бұған ұн бағасы мен коммуналдық қызмет ақысының өсуі себеп.

Синан, наубайхана иесі:

– Осыдан екі ай бұрын бір қап ұн сатып алу шамамен 175-180 түрік лирасы (шамамен 14,08-14,49 АҚШ доллары) болды. Осы екі күнде баға 300 лираға дейін өсті. Егер ұн қымбаттай беретін болса, 2,25 лира бағасын қысқа уақытқа ғана ұстап тұра аламыз.

Жаңа көліктердің бағасы да бірден 30-35% көтерілді. Ал елдегі такси және жекеменшік автобус жүргізушілері жолақысын 100% көтеруді талап етіп отыр. Елдегі экономикалық жағдайға байланысты, оппозициялық топтар Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуге шақырып отыр. Мәселені тек осы жолмен шешуге болады дейді. Ал Ердоған сайлау 2023 жылы – белгіленген мерзімде өтетінін айтты.

Анкара мен Ыстамбұлда лираның құнсыздануына байланысты наразылық акциясы өтіп, жиналған жұртшылық үкіметтің оставкаға кетуін талап етті. Дегенмен, қауіпсіздік сақшылары қысқа уақытта жиналған жұртты тарқатып жіберді.

Бұдан бөлек, ұрымтал тұста елді араңдатып отырғандар да табылды. Соңғы күндерде валюта бағамы жайлы дүрбелең тудыратын хабарлама таратып, 271 паракша бойынша тергеу басталды. Үкімет нарықтағы өзгерістің әдейі ұйымдастырылғанын айтып, қысқа уақытта жағдай қалыпқа келеді деп сендірді.

Меруерт Қанағат