Ауғанстаннан қашқан азаматтарға неге босқын статусы берілмейді?

Ауғанстаннан Өзбекстанға қашқан азаматтар түркітілдес елдерден көмек сұрап отыр. Тәліптер билікке келген кезде қолдарында визасы бар адамдар көрші елге өтіп кеткен. Олардың саны 10 мыңға жуықтайды. Көбінің қазір виза мерзімі аяқталуға жақындаған. Ал елге қайтатын болсақ, тәліптер өлім жазасына кесуі мүмкін дейді олар. Тіпті, кей азаматтарға қазір іздеу салынған екен. Ауғанстаннан Өзбекстанға қашқан азаматтарға неге босқын статусы берілмей отыр? Бұл жандардың ендігі халі не болмақ?

Өзбек-ауған шекарасы. Ұзындығы небәрі 144 шақырым. Шекараның барлық бөлігі Әмудария өзенінің бойымен өтеді. Екі ел арасында ұшақпен немесе мына жалғыз көпір арқылы қатынауға болады. Бұның бұрынғы атауы «Достық» болса, қазір «Хайратон» деп аталады. 10 жыл бойы Ауған жеріндегі мәні жоқ соғысқа қатысқан кеңес әскері 1989 жылы дәл осы көпір арқылы елге қайтқан болатын. Ал тамыз айының ортасында тәліптер билікке келгенде босқындар мен ауған әскерилері осы көпір арқылы Өзбекстанға қашқан.

Өзбек билігі Ауған әскерилерінің көбін АҚШ-тың Дохадағы базасына жөнелтсе, кейбірін қайта елдеріне жіберген. Ал қолдарында визасы бар босқындар болса қазір Термез қаласында тұрып жатыр.

Бұл Ауғанстан азаматы – Абдулмүтәліп Полат. Тамыз айының ортасында тәліптер Кабулді алған кезде Өзбекстанға қашқан. Қолында визасы болғандықтан әлі күнге дейін осы елде жүр. Бұрын Ауғанстанда Ашраф Ғани кеңсесі жанындағы мекемеде журналист болып жұмыс істепті. Түрлі ток-шоуларға қатысып, тәліптердің қылмыстарын көгілдір экран арқылы халыққа жеткізіп отырған.

Абдулмүтәліп Полат, Ауғанстан азаматы:

– Менің қолымда 1 жылдық мерзімі бар визам болған. Қазір шамамен 4-5 айдай уақыты қалды. Оны жаңалау үшін 260 доллар қажет.

Қазір тәліптер үкіметке жұмыс істедің деп көптеген адамдарды қинап жатыр. Менің 4 балам бар. Отбасым барлығы сол Ауғанстанда қалды. Хабарласып тұрамын. Неге біз қалып қойдық деп жылайды. Олардың визасы болмаған еді. Тәліптер мені іздеп үйіме бірнеше рет келіпті. Егер еліме қайтатын болсам, мені бірден өлім жазасына кеседі. Кезінде бірге істеген таныстарымды тәліптер атып тастады.

Абдулмүтәліп қазір Ауғанстаннан бірге келген жолдастарымен Термез қаласында пәтер жалдап тұрады. Бұл жақта жұмыс жоқ дейді. Бұрын жиған-тергендеріне күн көріп отыр.

Өлместің күнін кешіп отырғандардың тағы бірі – Абдулсабыр Мухиби. Мазари-Шариф қаласындағы жекеменшік университетте оқытушы болып жұмыс істепті. Сонымен қатар жергілікті өзбек жастарына тілді, мәдениетті де қатар оқытқан. Осы ісі үшін тәліптер Абдулсабырды іздеуге салып, жазаламақ ойда екен.

Абдулсабыр Мухиби, Ауғанстан азаматы:

– Міне, Абдулсабыр Мухиби деп парсы тілінде жазылған. Бұл Балх провинациясы басшылығының мені және де 20 шақты адамды іздеуге берген хабарламасы.

Абдулсабыр жақында үйленген екен. Өзі тәліптердің іздеуінде жүрген соң әйелін Ауғанстанға құжаттары мен қалған заттарын алып келуге жіберіпті. Қауіпсіздік мақсатында үсті-басын бүркеніп, паранджа киіп кеткен екен. Соның өзінде алаңдаушылық барын Абдулсабыр жасырған жоқ.

Абдулсабыр Мухиби, Ауғанстан азаматы:

– Енді амал жоқ. Күн көріс жасау керек. Қол қусырып отыра беруге болмайды. Әйелімнің визасы екі ал менікі 5 айдан кейін бітеді. Оны ұзарту үшін ақша керек. Бұл жақта жұмыс жоқ. Үйде қалған заттарды, құжаттарды алып келіп, мына жақта бір бизнес ашсақ па деген жоспарымыз бар. Өзім іздеуде жүрген соң жанын шүберекке түйіп әйелімді Ауғанстанға қайта жібердім. Аман-есен қайтып келеді деп күтіп отырмын. Өзім баратын болсам тәліптер мені бірден ұстап, атып тастаулары мүмкін.

Термезде күндерін санап жүргендердің тағы бірі Назир Ахматтың отбасысы. Тәліптер Ауған жерінде билік орнатар алдында кетіп қалған. Қазір туыстарының үйінде тұрып жатыр. Әйелі Ауғанстанның Құндыз провинциясында мұғалім болып жұмыс істесе, өзі қоғамдық қордың жетекшісі қызметін атқарған. Тіпті, аудан әкіміне тағайындалмақ болған екен. Бірақ, бар жоспарды тәліптер келіп бұзды – дейді, Назир Ахмат.

Назир Ахмат, Ауғанстан азаматы:

– Соғыс басталғанда біз үйімізді тастап кеттік. 1 сағаттай тынығып жөнді тамақта іше алмадық, намазымызды да оқи алмаған кездер болды. Өйткені жан-жаққа бомбалар түсіп, ұрыс болатын. Әсіресе, әйелдер мен балалардың өмірі үшін өте қауіпті болды. Салдарынан біздің балаларымыз мектепті де тастап кетті. Менің балам Ауғанстанда 5-ші сыныпта оқыған. Жасы 11-де. Қазір ол Өзбекстанда қайтадан 1-ші сыныпқа барды. Өйткені бұл жақта бағдарлама мүлдем басқаша. Мектепте өзбек тілінде оқиды. Ал Ауғанстанда тәжік тілінде білім алған. Қазір біз өз күнімізді санаумен отырмыз. Мұнда біз түгіл, жергілікті тұрғындарға да жұмыс табу қиын. Ақша таусылды. Визаны ұзартпасақ, қайта кетуге мәжбүр боламыз. Ол жақтағы тағдырымыз белгісіз. Сондықтан түркітілдес елдерден көмек сұраймыз.

Материалымызға арқау болған үш кейіпкердің де босқын деген статусы жоқ. Өйткені Өзбекстан бұл статусты бекітетін Женева конвенциясын ратификацияламаған. Сондықтан бұл жандар Ауғанстаннан уақытша келген азаматтар болып есептеледі.

Абдулазиз Камилов, Өзбекстанның сыртқы істер министрі:

– Негізі бізде босқындар жоқ. Біз әу баста оларды қабылдамайтынымызды айтқан болатынбыз. Ауғанстан азаматтарын өзімізде жайғастырып, оларды босқын ретінде қабылдап, көмек береміз деп келіскен жоқпыз. Әрине, дүрбелең басталған кезде транзитпен үшінші мемлекетке кетіп бара жатқан дипломаттарды, өміріне нақты қауіп төнген ауған азаматтарын уақытша қабылдадық. Қазір олардың барлығы өзге елдерге кетті. Өзбекстан арқылы үшінші мемлекеттерге кетуге мәжбүр болғандарға біз көмектесуге дайынбыз. Бірақ біз өз жерімізде босқындарды жайғастыратын арнайы орындар құрмаймыз және бұл мүмкін емес.

Өзбекстанға бас сауғалап келген ауған азаматтарының айтуынша, олармен БҰҰ сынды адам және босқындардың құқығын қорғайтын ешбір халықаралық ұйым хабарласпаған. Өмірлері қыл үстінде тұрған жандар енді түркітілдес елдерден көмек сұрауға мәжбүр.

Риат Шони, Санжар Шатуляганов