Түркияда бірқатар провинцияда сабақ болмайды

Түркияда бірқатар провинцияда сабақ болмайды

Түркияда кеше алапат дауыл тұрып, елдің есін шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Соған байланысты бірқатар провинцияда мектептер уақытша жабылды. Мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратын мүгедектер мен жүкті әйелдер де бұл күндерде жұмыстан босатылды. Ресми мәліметке қарағанда дауыл Ыстамбұл, Сакария, Кожаели, Ялова, Балыкэсир, Чанаккале, Бурса мен Текирдағ қалаларында ойран салған. Тек Ыстамбұлдың өзінде табиғат апатының кесірінен 5 кісі опат болып, 38-і зардап шеккен. 33 тұрғын үйдің шатыры қирап, 200-ге жуық ағаш құлады. Ондаған техника үйінді астында қалып, 3 жүк көлігі аударылып қалған. Жергілікті әкімшілік алдағы күндерде курьерлік қызметтің де уақытша тоқтайтынын хабарлады. Өйткені Ыстамбұл мэрі әлеуметтік парақшасында курьерлік қызметкерлерді Босфор көпірінде қос автобус қоршап, дауылдан қорғап тұрған сәтін жария еткен. Синоптиктер алдағы күндерде елдің оңтүстік батысында дауыл қайта соғатынын ескертіп, аса қажет болмаса тысқа шықпауды ескертті.