Германияда 9 млн адам вакцинаның үшінші дозасын салдырды

Екпенің үшінші дозасын 18 жасқа толған тұрғындардың бәрі тегін ала алады, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Жалпы елде қазірге дейін 57 миллионнан астам адам, яғни халықтың 68 проценті толық вакциналанған. Бірақ үкімет алдағы уақытта екпе салдырғандар саны артатынына сенімді. Себебі короанвирустың қайта таралуына байланысты вакцина салдырмағандарға шектеу көп. Мысалы, Берлин мен бірқатар аймақта оларға концерт, мейрамхана, бассейн және спорттық ойындарға кіруге тыйым салынды. Сауда орындарына да бара алмайды. Ал қоғамдық көлікті пайдалану үшін ПТР-тест тапсыруға тиіс. Мұндай қатаң шаралар өз нәтижесін берді. Қазір вакциналау орталықтарында ұзын-сонар кезек.

Габи Берлин, тұрғыны:

– Мен кеше омикрон туралы оқып, оны өзге штамдарға қарағанда тез жұғатынын байқадым. Қазір екпенің үшінші дозасын салдырдым. Сондықтан мутацияға ұшыраған вирустың түрінен қорықпасам болады. Бұл індетті жеңудің жалғыз жолы ввакцина деп ойлаймын. Менің таныстарымның бәрі екпе салдырды. Елде енді локдаун болмайды деп үміттенем.

Андреас Берлин, тұрғыны:

– Мен екпенің үшінші дозасын алып қойдым. Бірінші рет «Байонтек» вакцинасын салған еді, бустерлі доза ретінде «Модернаны» алдым. Мен үшін бұл маңызды. Екпе арқылы өзімді ғана емес  отбасым мен ата-анамды қорғаймын. Бірақ локдаун енгізілетін шығар. Ол тек екпе салдырмағандарға ғана қатысты болса дұрыс болар еді.