Чехияда рождество мейрамы жәрмеңкесіз өтеді

Бұл елде коронавирусты жұқтыру дерегі күрт өсіп кеткеннен кейін ел билігі алдағы 30 күнге төтенше жағдай енгізді. Рождество мейрамы қарсаңында ашылатын жәрмеңкелердің жұмысына да тыйым салынды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Ал осыдан бір апта бұрын үкімет өкілдері сауда орындары жабылмайтынын айтып сендірген. Бұл шектеу кәсіпкерлерге де, қала қазынасына да үлкен шығын әкелетін түрі бар. Жәрмеңкелер ашылмаса, туристер рождествоны тойлау үшін Прагаға бармайды.

Жәрмеңкелерге тыйым салынғанына қарамастан, ондаған кәсіпкер саудасын жалғастыруда. Полиция да тәртіп бұзушыларды жауапқа тартып жатқан жоқ. Ал Прага мэриясы үкіметтен шектеудің күшін жоюды сұрап отыр.

Иолана Шибкова, Прага мэриясы заң бөлімінің бастығы:

– Шектеу шарасы аяқ астынан енгізілді. Базарда істейтін кәсіпкерлер алдын ала ескертілген жоқ. Бізге саудагерлерден ондаған шағым түсті. Олардың көбі сауда орнын ашу үшін несие алғанын, ал тыйымнан тауарлары тұрып қалып, бұзылып жатқанын айтады.

Қала мэриясы жәрмеңкелерге тыйым салу ашық түрде кемсіту деп отыр. Өйткені фермерлік секілді өзге базарлар жабылмаған. Парламент өкілдері «шаһардағы жәрмеңкелер мыңдаған туристі тартады, ал бұл елдегі эпидахуалдың нашарлауына әкеледі, сондықтан шектеу қажет» деп түсіндіреді. Жаңа заңның қабылдануына коронавирустың жаңа штамының шығуы да әсер еткен.

Мирослав Штынкл, Чехия парламенті депутаттар палатасы партиясы басшысының орынбасары:

– Бүгінде эпидахуал вирустың жаңа штамына тәуелді. Парламент індеттің жаңа толқынынан қауіптеніп отыр. Еліміз пандемияның бұрынғы соққыларынан әлі қалпына келген жоқ. Биліктің қате жіберуге құқығы жоқ. Сондықтан бұл мәселе толық зерттелгенше, қатаң шектеулер енгізіп жатыр. Себебі жәрмеңкелерден адам өмірі маңызды.

Бірақ жәрмеңкелердің жұмысына салынған шектеу жойылмаса, әр саудагер апта сайын 200 мың долларға дейін шығынға ұшырауы мүмкін. Ал Прага қазынасы миллиондаған табысынан қағылады.

Авторлары: Алексей Лаптенок, Павол Демитра