Австрияда вакцинадан бас тартқандар жауапқа тартылады  

Бүгінде әлемнің біраз елі коронавирустың жаңа түрінің таралуына байланысты азаматтарды вакцина алуға шақырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бірақ билік өкілдерінің үндеуі ел ішінде қолдау таппай отырған мемлекеттер бар. Австрия коронавирусқа қарсы екпеден бас тартқандарды жауапқа тартады. Яғни вакцинадан жалтарғандар 7 мың еуроға дейін айыппұл төлейді. Ел үкіметі қабылдаған қарарға сәйкес, билік өкілдері бастапқыда адамдарды екпе егу орталықтарына шақырады. Келмеген жағдайда тұрғындар 4 апта ішінде тағы шақырту алады. Егер бұл жолы да талап орындалмаса, азаматтарға 3,5 мың еуро шамасында әкімшілік айыппұл салынады. Тіпті 4 аптаға қамауға алынуы да мүмкін. Ал 7,2 мың еуро көлеміндегі айыппұлды вакцина алудан бас тартып, екі рет жауапқа тартылған азаматтар төлейді.

Жапонияда «Омикрон» штамын жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді  

Жапонияда коронавирустың жаңа түрі "омикронды" жұқтыру дерегі тіркелді. Бұл туралы Kyodo агенттігі хабарлады. Инфекция Намибиядан оралған ер адамнан анықталған. Аталған азаматтың вирус жұқтырғаны әуежайда коронавирусқа тест тапсырғаннан кейін белгілі болған.

Хирокадзу Мацуно, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

– Бұл ел аумағында тіркелген алғашқы "Омикрон" дерегі. Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, қазір науқас арнайы мекемеде карантинде жатыр.

Испанияда да омикрон жұқтырудың алғашқы дерегі анықталды. Жуырда Оңтүстік Африкадан келген 51 жастағы науқас қазір Мадридтегі ауруханалардың бірінде жатыр. Денсаулық жағдайы жақсы, дейді мамандар.

Египет «Омикрон» штамын жұқтыру дерегін жоққа шығарды  

Египетте демалысын өткізген бельгиялық азаматтың да коронавирустың жаңа түрін жұқтырғаны белгілі болды. Аталған турист ауру белгілері байқалмай тұрып, 11 күн бұрын үйіне оралыпты. Десе де,  Мысыр билігі ел аумағында коронавирустың жаңа штамы жоқ екенін алға тартып отыр. "Қазір жағдай жіті бақылауда. Егер «Омикрон» жұқтыру дерегі тіркелсе, бұл туралы бірден хабар беріледі", – дейді елдің денсаулық сақтау министрлігі. Каир вирустың жаңа түріне байланысты Африканың бірқатар елінен әуе қатынасын тоқтатты. Олардың арасында Оңтүстік Африка, Лесото, Ботсвана, Мозамбик пен Намибия елдері бар.