EXPO 2020: Ертең Қазақстанның Ұлттық күні өтеді

Ертең Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дүниежүзілік Экспо-2020 көрмесі шеңберінде Қазақстанның ұлттық күні атап өтіледі, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Қазір Дубайда соңғы дайындық жұмыстары пысықталып жатыр. Жоспар бойынша мерекелік іс-шара екі елдің туын көтеру рәсімінен басталады. Ал кешке қазақстандық өнерпаздардың концертімен жалғасады. Экспо басталғалы бері Қазақстан павильонына 400 мыңнан астам мейман келді. Жалпы дүниежүзілік көрме аумағына келушілер қатары 5 млнға жуықтады.

Зәуре Айтаева, Қазақстан павильонының шығармашылық жөніндегі директоры:

– Павильонымыздың тұжырымдамасына Қазақстанның ұлттық дәстүрі негіз болды. Келушілер тамыры терең тарихымызбен қысқа уақыт ішінде таныса алады. Алғашқы экспозиция адамзаттың шежіресінен басталады. Осы арқылы меймандар адам баласының түп-тамыры бір екенін түсінеді. Көпшіліктің көңілінен шыққан соңғы экспозицияда виртуалды шоу көрсетіледі. Мұнда адамзат пен жоғары технология арасындағы байланыс суреттеледі.