Санитайзерді дұрыс қолданбау өртке әкеп соғуы мүмкін

Санитайзерлер адам денесін күйдіріп, өртке себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Бұл мәселе Оңтүстік Кореяның Тэгу қаласында өткен өрт қауіпсіздігі халықаралық көрмесінде қозғалды. Шараға 300-ге жуық кәсіпорын өкілі қатысып, өрт сөндіру техникасы, эвакуациялау және өрттің алдын алу құралдарын ұсынды.

Владислав Цой, тілші:

– Пандемия кезінде дезинфекция құралдары ауадай қажет. Кез келген бөлмеге кірер алдында қолды зарарсыздандыру керек. Бірақ бұл заттардың қаншалықты қауіпті екендігін екінің бірі біле бермейді.

Санитайзерді дұрыс қолданбау салдарынан әлемде бірнеше өрт оқиғасы тіркелді. Мысалы, АҚШ-тағы көлік тұрағында бір әйел, қолын зарарсыздандырып тұрып, темекі тұтатқан. Лап берген от қолын шарпып, көлігі өртеніп кеткен. Сондықтан Инчхон қаласының өрт сөндірушілері дезинфекция құралын қолданған кезде, шырпы, сіріңке сынды отқа қауіпті заттардан аулақ болуды ескертеді.

Ян Чон Гу, Инчон қ. өртті тергеу бөлімінің қызметкері:

– Санитайзерлер Кореяда ғана емес, бүкіл әлемде бар. Кез келген адам оны сатып алады. Бірақ өндірушілер зат белгісінде өнімінің тұтанғыш екенін көрсетпейді. Сондықтан осындай хабарлама болуын талап етемін. Қолыңызды зарарсыздандырғаннан кейін 5 секундтан артық күту керек. Ол кепкеннен кейін отты жағуға болады.

Әрине бұл  санитайзерлер өрттің ошағы деген сөз емес. Көбіне өрт темекі тұқылының дұрыс өшірілмеуінен болады. Жаман айтпай жақсы жоқ. Кореяда осындай қауіптен сақтандырудың тәсілі бұрыннан бар. Көп жерде сенсор орнатылған. Осы өте сезімтал құрылғы сәл түтін шыға қалса, өрт сөндіру қызметтеріне белгі береді. Бұл сенсорлар тіпті газдың иісін де сезеді. Құрылғы Wi-Fi желісімен жұмыс істейді.

Өрт болған жағдайда сенсор, түрлі құрылғылар мен бағдарламалар арқылы өрт сөндіру бөліміне SMS және қоңырау жіберіледі. Төтенше жағдай орын алған мекен-жай және бөлмедегі адамдардың саны хабарланады.

Өрт болған жағдайда адамды құтқару маңызды. Мұндай лифт жалын шарпыған кезде жылдам оқшаулануға мүмкіндік береді. Адам мінген кезде механикалық құрылғы салмақты сезіп, бірден төмен түседі. Содан кейін бастапқы қалпына оралады.

Ли Бен Чоль, компания басшысы:

– Мұндай құрылғылардың қызмет ету мерзімі шексіз. 3 жыл бойы Кореядағы ғимараттарда, негізінен қарттар үйінде 2000-ға жуық қондырғы орнатылды.

Осындай озық технологиялардың өртпен күресуге септігі көп. Тілсіз жаудың алдын алып, санын азайтуға ықпалы зор. Мәсесен, Кореяда дәл осындай құрылғылардың арқасында тіркелетін өрт саны жыл сайын 2 мыңға азайып келеді. Былтыр Кореяда 38 мыңнан астам нысан өртенген.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян