Канада африкалық 3 мемлекеттің азаматтарының ел аумағына кіруіне тыйым салды

Канада Африкадағы тағы 3 мемлекеттің азаматтарының ел аумағына кіруіне тыйым салды. Олар Египет, Малавия және Нигерия. Бұл шара коронавирустың жаңа штамының таралуына байланысты қабылданып отыр. Аталған елдерден келген азаматтардың бәрі вакцина салдырғанына қарамастан ПТР-тест тапсыруы тиіс.

Жан-Ив Дюкло, Канаданың денсаулық сақтау министрі:

- Жолаушылар ПТР-тестті әуежайларда тапсырады. Содан кейін оның қорытындысы шыққанша оқшаулануы тиіс. Ал вакцина салдырмаған азаматтар Канадаға келе салысымен ПТР-тест тапсырып 2 апталық карантиннен өтеді. Бұл жолаушылар 8 күннен кейін қайтадан тексеруден өтуі тиіс.

Соңғы ақпарға қарағанда омикрон штамы әлемнің 20 елінде тіркелген. Бұл туралы АҚШ-тың аллергиялық және жұқпалы аурулар жөніндегі ұлттық институтының басшысы мәлімдеді. Ковид-19-дың мутацияға ұшыраған бұл түрі қазірге дейін 200 адамнан анықталған. Бірақ АҚШ-тың өзінде омикрон вирусын жұқтырған ешкім жоқ.