Әлем елдері ғасыр кеселімен күресте жетістіктерге жетуде    

Биыл әлемде иммун тапшылығы синдромымен күрес күні «Теңсіздікті жойып, осы дертті тоқтатайық. Пандемияны жеңейік» деген ұранмен атап өтілді, деп хабарлайды «Хабар 24». 

БҰҰ-ның мәлімдеуінше, қазір аты жаман кеселден қайтыс болғандар саны 2010 жылмен салыстырғанда жартылай азайған. Иммун тапшылығы вирусына шалдыққандардың 70 проценті ем-дом ала алады.

Мавритания астанасы Нуакшоттың шеткері ауданындағы мына шатыр онша көзге іліне қоймағанмен, келушілер көп. Мұнда адамдар ХХ ғасыр обасы деп аталған адамның иммун тапшылығы вирусының өз бойында бар-жоғын тексертеді. Әлемде қауіпті дертке шалдыққандардың 12 проценті осы Батыс пен Орталық Афикада. Көз жұматындардың төрттен бір бөлігі де осы аймақта. Басты себеп аты жаман ауру туралы білім-біліктіліктің аздығы дейді мамандар.

Әл-Мустафа Аттиги, Мавританиядағы БҰҰ АИТС/ЖИТС бағдарламасының басшысы:

– Теңсіздік көп қасіреттің бастауы десем қателеспеспін. Әсіресе иммун тапшылығының синдромымен күресте анық білінеді. Егер адам құқықтары сақталмаса, кемсітушілікке жол беріліп азаматтардың иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қауіпі күшейеді.

Мәселе осы бастан қолға алынбаса, алдағы онжылдықта иммун тапшылығы вирусынан 7 жарым миллионнан астам адам көз жұмуы мүмкін. БҰҰ сарапшылары осылай дейді. Бұл атаудың өзі 40 жыл бұрын пайда болған. Қазір әлемде осы диагнозбен 37 миллион адам өмір сүреді. Олардың 6 миллионнан астамы өзінің жазылмас дертке шалдыққанын білмейді. Вируспен күресте қол жеткен басты жетістіктің бірі - экспресс тестер. Оны адамның өзі де жүргізе алады.

Филипп Дюнето, Unitaid атқарушы директоры:

– Бұл тесттер өте маңызды. Әсіресе қазір пандемия кезінде емдеу орындарына бару қиындаған сәтте көмегі көп. Ресми дерекке қарағанда, осы тексеру құралдарының арқасында соңғы бірнеше жылда өзінің қауіпті дертке шалдыққанын білмейтіндер саны 40 процентке азайған.

Адамның иммун тапшылығы вирусына қарсы вакциналар туралы жиі естуге болады. Бұл көп адамға үміт ұялатқанымен, кеселге қарсы тиімді дәрі әлі жоқ.

Ғалымдардың айтуынша, оған қарсы екпе шығаруға вирустың жылдам өзгергіштігі кедергі. Осы себепті жасанды иммунитеттің дертке қарсы қорғанышы тез жоғалады. Дегенмен ғалымдарда қол қусырып отырған жоқ. Тынымсыз зерттеулер жүргізіп келеді.

Мысалы, Ұлыбританияда бұл ауруды емдеудің жаңа әдісі бекітілді. Мұнда науқастар күн сайын дәрі ішудің орнына әр 2 ай сайын «каботегравир» дәрісін салдырады. Препарат 16 елде сынақтан өткен. Зерттеулерге 16 мыңнан астам адам қатысқан.

Джонатан Блейк, науқас:

– Маған осы кеселді жұқтырғаным туралы диагноз қойылғанда, өзімді өлім жазасына кесілгендей сезіндім. Дәрігерлер жарты жыл ғана өмір сүресің деді. Бірақ дәрі өмірімді ұзартты. Ең бастысы осы.

Ауруды емдеудегі тағы бір жетістік – емдеу күні азайды. Бұған дейін иммун тапшылығы вирусына шалдыққан науқас 365 күн ем-дом қабылдаса, жаңа дәрілердің арқасында ем 6 күнге ғана созылады. 

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Зауреш Думанқызы