Австрияда 5 жасар бала да екпе салдырып жатыр

Австрияда 5 пен 11 жас аралығындағы балаларға вакцина салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оған елде науқас санының көбеюі себеп. Жеткіншектерге Еуроодақтың дәрі-дәрмекті бақылау жөніндегі агенттігі рұқсат еткен Pfizer компаниясының 12-17 жас аралығындағы балаларға арналған вакцинасы жеткізілген. Қазір мұндағы екпе орталықтарында бала жетектеген ата-аналар көбейген.

Арно Гаттерман, жергілікті тұрғын:

– Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Біз әйеліміз екеуіміз екпе салдырғанбыз. Сондықтан кішкентай қызымызды алып бір жаққа шыққанда үнемі алаңдайтын едік. Сол кезде балаларға арналған екпе шығарылса бірден салдырамыз деп ұйғарғанбыз.

Ал Куба жаңа штамға қарсы отандық «Соберана плюс» деген вакцинасын жетілдіруге көшті. Ғалымдар сынақ жүргізуге кірісіп кеткен. Бірақ жергілікті мамандар қазіргі вакциналар да вирустың мутацияға ұшыраған бұл түрінен қорғайды дейді. Еске сала кетейік, Куба қарашаның ортасында шетелдіктердің елге келуіне рұқсат еткен еді. Бірақ «омикрон» пайда болғалы бақылауды қайта күшейтті.