«Омикрон» АҚШ-ты алқымдады

Қарашаның 11 күні Оңтүстік Африкадан табылған «омикрон» штамы осы уақытқа дейін әлемнің 20-дан астам елінде анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Және бұл сан күн санап артып барады. Бүгін Америка Құрама Штаттарында да бір адамның ковидтің жаңа штамын жұқтырғаны белгілі болды.

Талғат Алманов, тілші:

- Бүгін АҚШ-тың Калифорния штатында «омикрон» штамын жұқтырған алғашқы адам анықталды. Бұл туралы елдің ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мамандары мәлімдеді. Науқастың неше жаста екендігі және індетті нақты қай уақыт аралығында жұқтырғаны әлі белгісіз. Белгілісі, ол адам вакцинаны толық салдырған. Қарашаның 22 күні, ол Оңтүстік Африкадан ұшып келген екен. Көп ұзамай ковидтің симптомдарын сезіп, ПЦР тест тапсырады. Сөйтіп, қарашаның 29 күні ол азаматтың «омикрон» штамын жұқтырғаны расталды.

Энтони Фаучи, АҚШ-тың аллергиялық және жұқпалы аурулар институтының директоры:

- Қазіргі сәтте «омикрон» штамына қатысты көптеген сұрақтар жауапсыз қалып отыр. Әзірге «омикронды» жұқтырған бір адам ғана анықталды. Ол қазір карантинде отыр және онымен байланыста болған өзге де адамдар ковид тестін тапсырып, олардың індетті жұқтырмағаны расталды. «Омикронды» жұқтырған науқастың диагнозы жеңіл.

Қазірдің өзінде әлемнің 20-дан астам елінен табылған жаңа штамм алғаш рет Оңтүстік Африка және көршілес Ботсванадан анықталды дейді мамандар. Бұл елдердегі вакциналау қарқынының бәсең болуы вирустың мутациялануына әсер етуі мүмкін деген пікірлер де айтылып жатыр.

Талғат Алманов, тілші:

- Мәселен, қос елде толық вакцина салдырғандар саны халықтың 25 процентіне де жетпейді. Сондықтан эпид ахуалды одан әрі ушықтырмау аса маңызды дейді осы елдің мамандары.

Альфа Камара, африкалық белсенді, журналист:

- Қазіргі таңда африкалықтар вакцинаға қол жеткізе алмай отыр. Вакцина тапшы және медициналық құрылғылар мен мамандар жоқтың қасы. Мен эбола кезінде өз елімде жұмыс істеген едім және қазіргі жағдай одан мәз емес, өзгерген түгі жоқ. Ол халықтың кінәсі емес, бүкіл әлемнің жауапкершілігі. Оның үстіне, көптеген басылымдар Африка елдерін сынға алып, ковидтің жаңа штамын таратты деп жазып жатыр. Бұған түсіністікпен қарау керек. Себебі Африка елдерінде дамыған мемлекеттердегідей мүмкіндік жоқ.

Талғат Алманов, тілші:

- АҚШ-тың бас дәрігері Фаучидің айтуынша, жаңа штамның қаншалықты жұқпалы әрі қауіпті екендігі, оған қарсы қазіргі вакцинаның тиімділігі қандай екендігі барынша зерттеліп жатыр. Оны толық анықтауға біраз уақыт кетеді. Дегенмен вакцина алған адамның жаңа штамды жұқтыру ықтималдылығы әлдеқайда төмен болады. Жұқтырған күннің өзінде, салынған екпе аурудың асқынуына жол бермейді деген болжам бар. Сол себепті вакцина алуға немқұрайлы қарамау болмайды деп отыр мамандар.

Талғат Алманов