COVID-19: Грузия жасыл төлқұжат енгізді

Халық арасында вакциналау баяу жүріп жатқан мемлекетте эпидемиологиялық ахуал нашарлаған, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Күн сайын коронавирусты 5 мыңнан аса адам жұқтырып, тәулігіне 70 адам көз жұмады. Билік көптен бері қауіпсі, жасыл аймақ құрмақ болған еді. Жаңа тәртіп енді күшіне енді.

Грузияда енді қоғамдық орындардың бәріне тек жасыл төлқұжатпен кіруге болады. Шара желтоқсанның 1-інен бастап күшіне енді. Кинотеатр, театр, мұражай, мейрамхана және қысқы шаңғы орындары жаңа тәртіп бойынша ғана жұмыс істей алады. Бірақ мәдени орындар мен мейрамханаларға кірушілердің саны арттырылды. 

Шота Бурджанадзе, Грузия рестораторлары қауымдастығының өкілі:

- Мейрамханалардың көбі жасыл аймақ құруды қолдап отыр. Бірақ оны адам құқығын бұзу деп қарсы шығушылар да жоқ емес. Менің ойымша, бұл шара эпидемиологиялық ахуалды жақсартудың бірден бір жолы. Өкінішке қарай, қазір елде халықтың 34 проценті ғана егілген. Сәйкесінше, тамақтану орындарына да келушілер қарасы аз болатын шығар.

Қоғамдық орындарға жасыл құжатсыз кіргендерге 600-ден 3 мың долларға дейін айыппұл салынады. Айыппұлды қонақ емес, мекеме төлейді. Егер тәртіп екінші рет бұзылса, қоғамдық орын жабылады. Елде індеттің бесінші толқыны өршіп тұр. Сондықтан жаңа тәртіпке қолдап жатқан тұрғын көп.

Лали Бараташвили, Тбилиси тұрғыны:

- Қоғамдық орындарға қалай болса да, барасың. Жасыл төлқұжат енгізуге қатысты не айтуға болады. Екпені бәрі салдыру керек деп ойлаймын. Әйтпесе, коронавируспен күрес ешқашан аяқталмайды.

Жасыл төлқұжатты екпенің екі дозаны салдырғандар немесе індетті жұқтырып, одан жазылып шыққан азаматтар ғана ала алады. Бұдан бөлек, үш күндік қысқа мерзімді және тәуліктік жасыл құжат бар. Біріншісі, ПТР тест нәтижесі теріс болып шыққандарға берілсе, екіншісін антиденеге тест тапсырғандар алады.

Марго Лучко, Тбилиси тұрғыны:

- Мен әлеуметшіл адаммын. Грузияда қазір болып жатқан жағдаймен көбісі келіспейді. Бірақ біз келешекті ойлап, алға ұмтылуымыз керек қой.

Грузияда екі бірдей ковид-төлқұжат болады. Бірі ішкі, екіншісі сыртқы деп аталады. Сыртқы жасыл төлқұжат шетелге шығуға беріледі. Оның мерзімі жарты жыл. Ал ішкі жасыл құжаты жоқ азаматтар тек қоғамдық көлік пен дүкендерге кіре алады.

Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили