Кореяда омикрон штамын алғаш жұқтыру тіркелді

Кореяда омикрон штамын алғаш жұқтыру тіркелді

Оңтүстік Кореяда омикрон штамын жұқтырудың алғашқы деректері анықталды. Коронавирустың бұл жаңа түрі Нигериядан оралған ерлі-зайыптыдан табылды.

Сондай-ақ оларды әуежайдан үйіне апарған досына да ауру жұққан. Кёнгидо провинциясында да Нигериядан қайтып келген екі әйелде омикрон штамы анықталды. Осыған байланысты ертеңнен бастап Кореяға өзге елдерден келгендер түгел міндетті түрде 10 күндік карантинге орналастырылады. Жалпы Оңтүстік Кореяда соңғы кезде індет өршіп кетті. Екі күн қатарынан елде 5 мыңнан астам науқас анықталып жатыр. Ертең үкімет жаңа санитарлық шараларды жариялауы тиіс. Алайда арақашықтық сақтауға қатысты ереже күшейтілмейді. Өйткені бұл шағын бизнеске кері әсерін тигізеді. Елде коронавирус жұқтырғандардың дені Сеул тұрғындары. Ауруханаларда ауыр халдегі науқастарға арналған орын 90%-ке толған.

О Се Хун, Сеул қаласының мэрі:

- Коронавируспен ауырған науқастарға арналған орын санын көбейтіп, 4099-ға жеткіздік. Қалалық 4 аурухана жұқпалы ауруларды емдеп жатыр. Сондай-ақ Сеул медицина орталығы мен Борамэ клиникасында қосымша төсек-орын жасақталады.