Табиғаттың тосын мінезінен әлем елдері әбігерге түсті

Австралияның Квинсленд штатында алапат су тасқыны жүрді.

Толассыз жауыннан өзендер арналарынан тасып, аймақты су басты. Синоптиктердің айтуынша, бір тәулікте аймаққа шамамен 100 миллиметр жауын-шашын түскен. Соның салдарынан ондаған үй мен күре жолды су шайып кеткен. Өз кезегінде жергілікті полиция қызметі 1 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіз жерге көшірілгенін хабарлады. Айта кетейін, табиғат апатына байланысты қазір Йеларбон қаласында төтенше жағдай жарияланған.

Мельбурнде бұршақ жауды  

Қолайсыз ауа райы Австралияның тағы бір штатында да тіркелді. Мельбурн қаласында үлкендігі 2-3 сантиметрге дейін жететін бұршақ жауып, біраз ғимарат пен көлікті зақымдады. Электр сымдары үзіліп, 5 мыңдай тұрғын жарықсыз қалған. 

Колумбияда 80 үй су астында қалды

Колумбияның солтүстігінде де сел жүрді. Табиғат апатынан әсіресе Медельин қаласы қатты зардап шекті. Тасыған су көліктерді ағызып әкеткен. 80 үй су астында қалған. Қала көшелері қазір лай-батпаққа толы. Қолда бар мәлімет бойынша апаттан 7 адам жарақат алған. Ал опат болғандар жайлы әзірге ақпарат жоқ.

Билік өкілдерінің айтуынша, табиғат апатынан зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі. Бірақ сел салдарымен күрес бірнеше аптаға созылуы мүмкін.

Вьетнамда су тасқыны кезінде 18 адам жоғалып кетті   

Вьетнамда болған су тасқыны кезінде 18 адам із-түзсіз жоғалып кетті. Қазір оларды іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ жоғалған азаматтардың табылуы екіталай. Айта кетейік, Вьетнамдағы тасқын судан  негізінен теңіз жағалауындағы қалалар зардап шекті. Үйлер қирап, жолдарды су басқан. 800 гектарға жуық күріш алқабы су астында қалған. Естеріңізде болса, былтыр дәл осындай табиғат апатынан бұл елде 400-дей азамат бақилық болған еді.

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штаты отқа оранды

Бес күн ішінде Марион қаласында 120 гектар орманды алқап күлге айналған. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Өрт сөндірушілер әзірге қызыл жалынды сөндіре алмай жатыр. Бұған таулы аймақтағы жел кедергі келтіріп отырған көрінеді.

Сондай-ақ...