Украинада жұмысшылар жалақы ала алмай жүр

Украинаның бірқатар өндіріс орындары жұмысшыларына уақытылы жалақы төле алмай отыр. Мемлекеттік статистика қызметінің мәліметіне сай,  жыл басынан бергі жалақы берешегі 53 %-ке өскен. Енді елге қарызданып қалған кәсіпорындар қолдағы барын сатып, амалдамақ. Мұның соңында кәсіпті тоқтатуға да тура келеді.

Украинада жалақы бойынша берешектің жалпы көлемі 4 миллиард гривен, яғни 147 млн доллардан асып жығылды. Жұмысшыларына, әсіресе, өнеркәсіптік кәсіпорындар айлығын дер кезінде төлей алмай, тығырыққа тірелген. Елде ресми тіркелген жұмыссыздар жарты миллион адамнан асқан, ал бейресми мәлімет бойынша тұрақты жұмысы жоқ адам саны 10 млн-ға жеткен. Қарыз бойынша міндеттемелерін орындамаған мыңнан астам кәсіпкер сауда палатасына көмек сұрап жүгінген. Елдегі кей ірі кәсіпорындар жабылу алдында аз тұр.

Андрей Блинов, экономист:

– Украинада индустриясыздандыру процесі жалғасуда, сондықтан бірқатар өндірістік кәсіпорындардың дәурені аяқталды. Сумск облысындағы Мотор Сич сияқты кәсіпорындар қиын жағдайда. Сондай-ақ Харьков өңіріндегі авиациялық зауытын сату мәселесі күн тәртібінде тұр. Сатылымнан түскен ақша-берешекті өтеуге жұмсалмақ.

Карантин басталған уақыттан бері Украинада 700 мыңға жуық кәсіпорын жұмысын тоқтатқан. Мемлекеттік статистика қызметінің мәліметіне сай, жыл басынан бері жалақы бойынша берешек 53%-ке өсті. Кәсіпорындардан бөлек, ғалымдар және инновация саласының мамандары да айлығын дер кезінде ала алмай жүр.

Андрей Блинов, экономист:

– Ғылым мен инновация саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылар да жалақысын ала алмай жүргені белгілі. Бұл адамдар облыстық немесе мемлекеттік не болмаса  жартылай мемлекеттік қызмет орындарында жұмыс жасайды. Өнеркәсіптік компаниялар сияқты жұмысшылар алдындағы берешек көлемі үлкен емес, дегенмен 130 млн гривеннен асады.

2021 жылдың бірінші желтоқсанындағы жағдай бойынша Украинадағы ең төменгі жалақы 6500 грн, яғни 240 долларды құраған. Jooble (Джубл) қызметінің сауалнамасына сәйкес, украиналықтардың 85 проценті бір жыл ішінде жұмыс орнын ауыстыруды жоспарлайды. Сауалнамаға қатысқан Украина тұрғындарының 5,4 проценті ғана «өз жұмыс орнына қанағаттанамын» деп жауап берген.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко