ЕО Беларуське бесінші рет санкция салды

Еуропалық одақ Беларуське тағы санкция салды. Бұл президент Александр Лукашенко билігіне қарсы бесінші мәрте енгізілген шектеу. Санкция Беларусьтің 11 заңды және 17 жеке тұлғасына бағытталған.

Еуроодақ Кеңесінің мәлімдеуінше, олардың бәрі Беларусьте мигранттарды тасымалдау және адам құқықтарын бұзуға қатысы үшін жазаға тартылған. Олардың арасында «Белавиа» әуе компаниясы, «Гродно Азот» және «Беларусьмұнай» бірлестігі бар. Шектеу Сирияның бір әуе компаниясы мен Беларусьқа турлар ұйымдастырған Түркияның туристік агенттігіне де енгізілді. Ал жеке тұлғалар арасында Беларусь мемлекеттік шекара комитетінің басшысы, Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы және бірқатар күштік құрылым өкілдері бар. Шектеуге сай бұл тұлғалардың одақ аумағына кіруіне тыйым салынып, олардың банктағы есепшоттары бұғатталады. Еуропалық бизнеске де қара тізімдегілермен қарым-қатынас орнатуға тыйым салынады.