Норвегияда індетке қарсы шектеулер қатаңдатылды

Коронавирустың жаңа штамына байланысты Норвегия да шектеулерді қатаңдатты. Жаңа тәртіпке сай, Скандинавия еліне барған шетелдік азаматтар вакцина салдырғандарына қарамастан ПТР-тест тапсырады.

Елде қазірге дейін 5 адамнан Омикрон анықаталған. Осымен қатар Осло қаласымен бірге, коронавирус көп таралған аймақтардағы қоғамдық орындарда бетперде тағып жүру тәртібі қайта енгізілді. Үкімет компаниялардан қызметкерлерін барынша қашықтан жұмыс істеуге көшіруді ұсынып отыр.

Йонас Гар Стёре, Норвегия премьер-министрі:

– Біз елдегі эпидемиологиялық ахуалды мұқият қадағалап отырмыз. Қолда бар мәліметке қарағанда Норвегияда жаңа штамды жұқтырушылар саны артуы мүмкін. Осыған байланысты жаңа шектеулер енгізіп, бақылауды күшейту шешілді.

Ал Жаңа Зеландияның Окленд қаласында локдаун аяқталды. 3 айдан астам уақытқа созылған шектеуден кейін екпе салдырғандарға қонақ үй, сауда орындары және спорт залдарына баруға рұқсат етілді.

Айта кетейік, Жаңа Зеландияда індетпен тиімді күресу үшін бағдаршам жүйесі енгізіліп, аймақтар қызыл, сары және жасыл аймақтарға бөлінген.

Иранда коронавирусқа қарсы бағытталған барлық іс-шараларға қарамастан елдегі эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі. Өткен тәулікте COVID-19 індетінің 3 839 жаңа жағдайы тіркелді, инфекция салдарынан 76 адам қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, пандемия кезінде коронавирусқа шалдыққандардың жалпы саны 6 125 596-ға, ал қайтыс болғандардың саны 129 988-ге жетті. Министрліктің ақпараты бойынша бүгінгі күні 3 314 науқастың жағдайы ауыр. Вакцинация қарқыны бойынша Иран аймақтағы көшбасшылардың қатарында, алғашқы дозаны 57 867 860 адам салдырса, вакцинациялаудың толық курсын 47 608 297 адам өткен.