QazVac вакцинасы Еуропаға экспортталады

Қазақстанның «QazVac» екпесі Швейцарияда тіркеледі. Сөйтіп, отандық вакцина Еуропа мемлекетіне экспортталады. Елімізде Швейцариямен бірлескен тағы бір кәсіпорын да ашылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы аптада Женеваға жасаған ресми сапарында белгілі болды. Мемлекет басшысы әріптесі, Швейцария Президенті Ги Пармаленмен кездесіп, екі жақты келіссөз жүргізді.

Еуропаны қазір коронавирус қаупі қайта қыспаққа алды. Омикрон штамы әлем елдерін карантинді күшейтуге мәжбүр етті. Енді оған қарсы вакцинаның қаншалықты әлеуетті екенін анықтау міндеті тұр. Әлем халқын жаппай вакциналау жөнінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жоспары да бар. Осы мәселені бірлесіп шешпек ниетте ғалымдар мен саясаткерлер ұйымның Женевадағы штаб-пәтеріне жиналды. Солардың ішінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қоғамдық денсаулық сақтау жолындағы осы аса күрделі жаһандық күресте жетекші роль атқарды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі және олардың денсаулық сақтау жүйелері ауыр жағдайды бастан өткерді және қиындық әлі де жалғасып жатыр. Коронавирустың жаңа әрі қауіпті штамдары әлем бойынша тез тарала бастағандықтан алдағы апталарда COVID-19 індетін жұқтырғандар саны айтарлықтай өседі. Жуырда Оңтүстік Африка ғалымдары анықтаған «Омикрон» штамы жаңа қауіп төндіріп отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау жүйесіндегі екі маңызды бағытты – алғашқы медициналық көмек және осы саладағы қызметтермен халықты жаппай қамту бағыттарын біріктіру туралы ұсыныс айтты. Бұл жолы коронавирусқа қарсы вакцинаның жер бетінде әділ бөлінуі ең өзекті мәселе. Елдердің денсаулық сақтау салаларындағы теңсіздік те белең алды. Президент жиында Казвак вакцинасы жөнінде айтты. Екпенің дельта штамына қарсы сәтті модификацияланғаны атап өтілді. Қазір Қазақстанмен қатар Қырғызстанда ауруға қарсы препарат ретінде қолданылып жүр. Швейцария осы екпені жақын арада ұлттық деңгейде тіркеуді бастамақ. Сөйтіп, Қазақстаннан препарат сатып алуға кіріседі.

Абдалла Шатила, «M3 GROUPE» холдингінің президенті:

- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан тіркеуден өткенін күтіп отырмыз. Аяқталысымен бірден іске кірісеміз. Қазвакты өзімізде өндіретін боламыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан вакциналардың әлем бойынша әділ таратылуын қолдайды және оған белсенді түрде атсалысады. Біз 2022 жылдың ортасына қарай жаһандық вакциналауды қамтамасыз ету жөніндегі ДДСҰ-ның COVID-19 індетіне қарсы стратегиясын толық қолдаймыз.

Мемлекет басшысының сапары экономикалық тұрғыда да мән-маңызымен ерекшеленді. Президент жергілікті бизнес қауымдастықпен бас қосты. Талқыланған тақырып аясы кең. Швейцариялық әуежайлардың бірі Қазақстанға тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отыр. Келер жылдың өзінде ел азаматтары Нұр-Сұлтаннан тікелей Базельге қатынауы мүмкін. Қазақстан мен Швейцарияның екі жақты тауар айналымы былтыр 1,75 млрд долларды құраса, биылғы 9 айда 900 млнға жетті. Инвестициялық форумда алты коммерциялық келісімге және он коммерциялық емес құжатқа қол қойылды. Жалпы құны 300 млн доллардан асады. Екі елдің басшылары келіссөздер барысында аймақтық күн тәртібіндегі мәселе - Ауғанстандағы жағдай мен осы елге гуманитарлық көмек көрсету мәселесін де сөз етті. Тараптар бірлесіп вагон шығаруға келісті. Швейцариялық компания елімізде еуропалық стандартпен машина жасау кәсіпорынын ашпақ.