Зеленский қос азаматтық туралы мәселе көтерді

Украина Президенті Владимир Зеленский қос азаматтық туралы мәселе көтерді. Америка Құрама Штаттары, Еуропалық Одақ және Канадада тұратын украиналықтар жуық арада өз елінің де азаматтығын алуы мүмкін. Осылайша Украина президенті Жоғарғы Рада депутаттарына жаңа заң жобасын ұсынбақ.

Жас президенттің мұндай саяси шешімін халық қалай қабылдады? Меншікті тілшіміз Аида Қыдырбай анықтап көрді.

Украинада көп азаматтыққа рұқсат беру мәселесі талай жылдан бері талқыланып келеді. Заң бойынша елде бір азаматтыққа ғана рұқсат берілген, алайда өзге елдің де азаматтығын бейресми рәсімдеген украиналықтарды бақылаудың тиімді тетігі жоқ. Мысалы, Украинадағы ірі кәсіпкердің бірі Игорь Коломойскийдің өзі көп азаматтығы барын мойындаған. Енді міне Президент Владимир Зеленскийдің өзі Парламентке бірнеше азаматтыққа ресми түрде рұқсат беру туралы Заң жобасын қабылдауды ұсынды.

Владимир Зеленский, Украина президенті:

- Әлемнің әр түкпірінде өмір сүріп жатқан украиналықтарды қолдау – халықаралық саясатымыздың маңызды бағыты. АҚШ, Канада мен Еуропа елдеріндегі украиналықтар үшін көп азаматтық мәселесі маңызды екенін білемін. Сондықтан парламентке осы мәселені реттейтін Заң жобасын қабылдауды ұсындым. Әлемнің әр мемлекетіндегі украиналықтар өздерін диаспора емес, өз елінің тең құқылы азаматы ретінде сезінуі тиіс.

Бизнесмен Геннадий Кобаль «қос азаматтықты енгізу арқылы шетелде мықты маманға айналған украиналықтарды туған елге тартуға болады» деген пікірде.  Өйткені Канада, Америка мен Еуропада жүрген азаматтар отанына оралып, қызмет еткені мемлекетке пайдалы.

Геннадий Кобаль, бизнесмен:

- Украина төлқұжатын алған кәсіпкер немесе экспат туған елінің өміріне етене араласуға мүмкіндік алады. Бұл белгілі бір саяси лауазымда, үкімет немесе ірі мемлекеттік компанияда кедергісіз қызмет атқаруға жол ашады. Соңғы жылдары Украинада корпоративтік басқару реформасы жұмыс істеуде, сондықтан мемлекеттің бақылау кеңесі мен компаниялар мықты мамандарға мұқтаж. Осы ретте мұндай мүмкіндікті жақсы бастама деп есептеймін.

Дей тұрғанмен, Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба көпазаматтық АҚШ, Канада, Израиль, Еуропа елдері, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания мен Австралиядағы украиналықтарға рұқсат берілгенімен мұндай келісім Ресейдегі азаматтармен  орнатылмайды деп мәлімдеді.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко