Индонезияда жанартау атқылауынан қаза тапқандар саны 14-ке жетті

Индонезияда Семеру жанартауының атқылауынан кейін жоғалып кеткен азаматтарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. 7 адам әлі табылмады.

Жанартаудың атқылауы кеше басталған еді. Жақын маңайдағы 11 елді мекеннен мыңнан аса тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. Алайда оқыс оқиға кезінде көпір опырылған. Ол аздай түтіннен көру мүмкіндігі де нашарлаған. Соның салдарынан эвакуациялау жұмыстары біраз қиындаған. Соңғы мәлімет бойынша табиғат апатынан 14 адам көз жұмып, 100-ге жуығы жараланды.

Айта кеткен жөн, Индонезия Тынық мұхитының «отты шеңбер» деп аталатын сейсмикалық қаупі жоғары аймақта орналасқан. Мұнда 130 белсенді жанартау бар. Семеру биік жанартаулардың бірі саналады. Соңғы рет ол биыл қаңтарда атқылаған. Алайда ол кезде ешкім жапа шеккен жоқ.      

БЛИЦ

- Жанартау атқылағанда түк көрінбей қалды. Зәреміз ұшты. Абырой болғанда, отбасым аман. Алайда өкінішке орай, көршілерім көз жұмды.

- Жанартау атқылай бастағанда екінші ұлым сабақта еді. Мектеп қирап қалды. Балама бірдеңе болды ма деп қатты қорықтым. Бірақ бәрі жақсы. Ұлым дін аман. Ал күйеуім жарақат алды. Талай туысымыз баспанасыз қалды. Жанартаудың атқылауынан оларды үйлері жермен жексен болды.