Индонезияда жанартаудан төнген қауіп әлі сейілмей тұр

Индонезияда Семеру жанартауы әлі атқылап жатыр. Отты таудың аяқ астынан оянып, күл мен түтін шашуынан 14 адам опат болды. Жергілікті билік тұрғындардан барынша абай болып, табиғат апаты ауданына жоламауға шақыруда. 

Ява аралындағы ең биік жанартаудан төнген қауіп әлі жоғары. Бүгін отты тау тағы бірнеше рет атқылаған. Сондықтан мамандар тұрғындардан апат ауданына оралуға асықпауға шақырып отыр. Себебі Семеру алдағы уақытта аспанға тағы қатты күл мен шоқ шашуы мүмкін дейді.

Лисванто, Семеру жанартауы обсерваториясы орталығының басшысы:

– Жанартаудан төнген қауіпті екі деңгейлі деп бағалап отырмыз. Яғни Семеру тағы атқылауы мүмкін. Сондықтан тұрғындардан барынша абай болып, бұл ауданға жоламау керектігі ескертілуде.

Жанартау сенбі күні оянып бірнеше шақырым биіктікке күл мен түтін шашқан. 14 адам қаза тауып, 100-ге жуық тұрғын жарақат алды. Апат ауданынан шұғыл түрде жүздеген адам эвакуацияланды. Бүгін табиғат апаты аймағында дауыл соғып, жаңбыр жауып, іздестіру-құтқару жұмыстары уақытша тоқтатылды. Құтқарушылар қаза тапқандар саны артуы мүмкін деп отыр.

Хосния, жергілікті тұрғын:

– Мен басында бомба жарылды ма деп ойлап қалдым. Бірақ далаға шыққанда жанартаудың атқылап жатқанын көрдім. Бір кезде айналаның бәрі қап қара болып денемді қорқыныш биледі. Балаларымды тез жинап, әйтеуір аман есен қауіпсіз жерге жеттік.

Тұрғындар отты таудан төнген қауіпті дер кезінде ескертілмеді деп билікті кіналауда. Салдарынан апат ауданынан халықты эвакуациялау кеш жүргізіліп, адам шығынына әкелген. Билік болса бұған тұман тұрып, ауа райының қолайсыздығы кедергі болды дегенді айтады.

Авторы: Дәурен Ақашұлы

 

Сондай-ақ...