Ауғанстанда әйелдер тағы да наразылық білдірді

Бразилия мен Ауғанстанда қыз-келіншектердің құқығының тапталуы наразылық акцияларына себеп болды, деп хабарлайды Хабар 24.

Қолдарына плакат ұстап, ұрандатқан белсенділер жұмыс істеу мен білім алу құқығын талап етті.

Айта кетейік, бүгінде Ауғанстанда 7 мен 12 сынып аралығындағы оқушылардың мектепке баруына тыйым салынған. Ал қыз-келіншектер жұмысқа орала алмай отыр.

ОНДАҒАН ӘЙЕЛ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ШЕРУГЕ ШЫҚТЫ

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында да ондаған қыз-келіншек көшеге шығып, гендерлік теңсіздікке қарсы наразылықтарын білдірді. Үстеріне қызғылт түсті киім киген олар әйелдердің тұрмыста жәбірленуі мен әйелдерге қатысты өзге де мәселелерді көтерді.

Қыз-келіншектердің айтуынша, індет басталғалы бері елде зәбір көрген әйелдердің саны күрт көбейіп кеткен. Бразилиядағы қоғамдық қауіпсіздік форумының дерегінше, 2020 жылдың алғашқы жартысында елде 649 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, әлем бойынша 15 жастан асқан бойжеткендердің шамамен үштен бірі өмірінде кемі бір рет зорлық-зомбылық көрген.

ЖАНАРТАУДЫҢ АТҚЫЛАУЫНАН ОПАТ БОЛҒАНДАР САНЫ 15-КЕ ЖЕТТІ

Индонезияда Семеру жанартауы әлі атқылап жатыр. Отты таудың аяқ астынан оянып, күл мен түтін шашуынан 15 адам опат болды. 50 тұрғын жарақат алды.Тағы 27 кісі із-түзсіз жоғалып кеткен. Бірақ оларды іздеп табуға аймақтағы ауа райының қолайсыздығы кедергі келтіріп отырған көрінеді.

Билік өкілдерінің айтуынша, Ява аралындағы ең биік жанартаудан төнген қауіп әлі де жоғары. Сондықтан мамандар тұрғындардан апат ауданына оралуға асықпауға шақыруда.