Египетте вакцина салдырмағандар мемлекеттік мекемелерге кірмейді

Египетте 1 желтоқсаннан бастап жаңа карантиндік шектеулер енгізілген болатын. Вакцина салдырмаған азаматтар мемлекеттік мекемелерге кірмейді. Тәртіпке бағыну ләзім. Алайда мекеме алдындағы ұзынсонар кезекті қайтпек керек? Мысалы, азаматтар виза ала алмай жатыр. Полиция учаскелері, сот, тіпті емханалар да жаңа талапқа көшкен.

Жаңа шектеулерден ең әуелі шағын кәсіп өкілдері зардап шекті. Мемлекеттік мекемелердің ізімен қаржы институттары да ковидке қарсы шараларды күшейтті. Кәсіпкерлер QR код пен ПТР-тест болмаса ешқай жерге аттап кіре алмайтын болды. Енді бизнес өкілдері «шығынға белшеден баттық» деп байбалам салып жатыр. Бірақ билік желтоқсан шектеуі енгізілмес бұрын ескертіліп, екпе салдыруға әжептәуір уақыт берілгенін айтады.

Ибрагим Хамед, сауда компаниясының директоры:

 - Мен жеке мәселелерге байланысты вакцина салдыра алмаймын. ПТР-тестті үнемі тапсыру да қиын. Мысалы, осындай жағдайдан компаниям өткен аптада 500 мың долларлық келісімнен айырылып қалды. Банкке ПТР-тест мерзімі бітіп кеткендіктен кіре алмадым. Ертең құжаттың мерзімі тағы аяқталады. Сонда не істеуім керек. Жұмысымды тастап, үйде қамалып отыруым керек пе?

Індет таралғалы ПТР-тестке кезек онлайн жасалатын болды. Өйткені көп жер QR талап ететін болған. 

Сэм Эль-Шахат, Египет парламентінің мүшесі:

 - Биліктің мемлекеттік орган қызметкерлерінен кейін желтоқсанның 1-інен бастап барлық азаматтардан екпе талап етуі дұрыс деп ойлаймын. Уақыт берілді. Бұл радикалды шара емес, індеттен қорғану. Бір айдың ішінде 40 миллион азаматқа вакцина салуды жоспарлап отырмыз. Әзірге екпені 16 миллион адам алды.

Осы тәртіпке сәйкес, Мысыр студенттері дәстүрлі түрде берілетін жаңа жылдық демалыстан қағылды. QR коды жоқ 500 мыңға жуық студент уақытында емтихан тапсыра алмаған. Сондықтан жергілікті студенттік кеңес, шектеуді жеңілдетуді сұрап парламентке өтініш жолдады. Алайда билік өкілдері тәртіп өзгермейді, талап бәріне ортақ деп отыр. Омикронның өршуіне байланысты ел Үкіметі Оңтүстік Африка елдерімен тікелей рейстерді де кілт тоқтатты. 

Дмитрий Лукша, Светлана Брахмит, Амр Мурад

Сондай-ақ...