Үндістанда атом электр станцияларына арналған 9 атом реакторы салынады

Үндістанда атом электр станцияларына арналған 9 атом реакторы салынады. Жобаны 2024 жылдың соңына дейін іске асыру көзделіп отыр. Егер бұрын станциялар елдің оңтүстігінде орналасса, енді жаңа кешендер солтүстік өңірде салынатын болды. Ел билігі атом энергетикасын дамытумен қатар, оны өндірудің бірыңғай жүйесін құруға ниетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінде елде 23 реактор жұмыс істеп жатыр, ал екі жылдан кейін тағы тоғыз реактор орнатылады. Құрылысын Франция мен Ресей жүргізеді. Бұл ауқымды жобаға халық санының күрт артуы, тиісінше электр қуатына да сұраныстың өсуі түрткі болған. Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, алдағы жылдары атом өңірдегі ең маңызды қуат көздерінің біріне айналады. Әзірше электр энергиясын өндіруге негізінен көмір мен газ қолданылып келеді.  

Аамир Баччал, Дели энергетика министрлігі энерготиімділік басқармасының басшысы: 

– Үндістан ұзақ жылдар бойы қазба отын тапшылығының зардабын тартып келді. Жер қойнауымызда көмірсутек жетіп жатса да, бүкіл әлемнен импорт сұрауға мәжбүрміз. Жобаның алғашқы кезеңінде 800 миллион доллар инвестиция құйылады. Алайда бұл сома әлі де артуы мүмкін. Жаңа реакторларды іске қосып, электр энергиясын өндіру бойынша жалпыұлттық жобаны жүзеге асыра аламыз.

Бұл жобаға сәйкес Үндістан әлем нарығына шығуға ниетті. Қазірдің өзінде энергетика министрлігі экспорттық бағыттарда жұмысын күшейтті. Электр қуатын  айналасындағы елдерге сатпақ. Бұл жөнінде Түркиямен келіссөз өтіп жатыр. Алайда мемлекеттік емес ұйымдар бұл шешімді сынға алды. Атом реакторлары өндіретін қуаттың басым бөлігі экспортқа кетіп жатқанда, Үндістанның өзінде атом энергиясының үлесі не бары 3%-ті ғана құрайды. Ал ел халқының 70 процентінен астамы жылу мен жарықпен қамтылмаған. 

Салман Кханна, Раджастан Либералды партиясының басшысы:

– Үкімет үшін жаңа реакторлар өте тиімді келісім. Экспорттан бөлек, Үндістан Еуропаның қолдауына ие болып, жаңа гранттарға ие бола алады. Реакторларды іске қосу Париж конференциясында алған экологиялық міндеттемелерін орындауға көмегін тигізеді. Көмір шахталарымыз ауаны қатты ластайды, ал атом электр станцияларын дамыту Үндістан таза энергетиканы қолдайтынын көрсетеді. Ал кеңірек қарасақ, бұл Үндістанды реформалау бойынша көпжылдық бағдарламаның алғашқы қадамы болуы мүмкін. 

2024 жылдың соңында 9 жаңа реакторды іске қосу жоспарда бар. Ал Үндістанның ядролық бағдарламасы 2030-жылға дейін арналған. Елдің түрлі бөліктерінде жаңа ядролық нысандарды салу үшін 5 алаң анықталып жатыр.

Авторлары: Александр Колюжный, Устад Рахман

Сондай-ақ...