Чехия билігі індетке қарсы жаңа шектеулер жариялады

Чехтар биылғы рождество мен жаңа жылды карантин жағдайында қарсы алғалы отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Парламент Прага ғимараттарында шоулар мен отшашуларды өткізуден бас тартуды шешті. Бұған дейін рождестволық жәрмеңкелерді жабу туралы, шешім шығарылған. Биылғы жаңа жылды чехтар үйлерінде қарсы алатын түрі бар. Ресми биліктің талабы осы. Үкімет қыс мерекелері кезінде індет өрши ме деп алаңдап отыр. Себебі бір аптада вирусты жұқтырғандар саны азайса, енді бірде науқастар қарасы күрт артып кетуде. Сондықтан шенеуніктер кез келген жаппай іс-шарадан бас тартуды шешкен.

Ян Ворон, Прага қаласы әкімшілігі қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы:

– Қазір бізде Рождество мен Жаңа жылда түрлі концерттер өткізу туралы мың жарымдай сұрау түскен. Барлық өтініші кері қайтарылатын шығар. Себебі мұндай шаралар көрерменсіз өтпейтіні белгілі ғой. Рождество кезінде айран-асыр той ұйымдастыруға қарсымыз. Уақыт келгенде адамдар бізді түсініп, рахмет айтар деген үміттеміз. Чехияда жаңа жылдық мереке алғаш рет қатаң карантин режимінде өтпекші. Бірақ бұл қаңтар айында ауруханалардың науқастарға толуынан жақсы ғой.

Прага тұрғындары биылғы жаңа жылды  ешқандай жарық шоуларсыз қарсы алады. Адамдар жиналып, індет таралмас үшін билік осындай шешім қабылдаған. Бірақ мейрамхана мен клубтарды жабу наразылық тудыруда. Кәсіпкерлер қарымта шара дайындауға көшкен.

Вит Янг, Прага мейрамханалары қауымдастығының өкілі:

– Билік бізді бір жылдан астам ашық мазақ етіп келеді. Үнемі түрлі қарама-қайшы ережелер енгізеді. Неге вакцина салдырған немесе ПТР-тесті нәтижесі теріс болып шыққан адамдар жаңа жылда мейрамханаға баруына болмайды. 2 апта бұрын оларға рұқсат етілген еді ғой. Біз жаңа жылға дайындалып, қаржы жұмсап қойдық. Енді барлығынан бас тартуды талап етіп отыр. Сонда шығынымызды кім өтейді.

Чехияның қоғамдық орындары үкіметтің шектеулері үшін парламентке шағымданып, наразылық шараларын өткізетінін айтып сес көрсетуде. Кей наразы топ шектеулерге қарамастан рождество мен жаңа жыл түндері шаралар өткізетінін айтып отыр. Билік болса тәртіпті полиция қадағлайды деп ұстамды ғана жауап беруде.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Дмитрий Лукша,Павол Демитра