Норвегияда 10 адамнан артық қонақ шақыруға болмайды

Норвегияда шектеу шаралары күшейтілді. Мысалы, енді тұрғындарға қонаққа 10 адамнан артық шақыруға болмайды. Тек рождестволық мерекелер кезінде ғана жеңілдік жасалады. Яғни үйде 20 адам қабылдауға рұқсат етіледі.

Рождество демекші, таяуда Норвегия астанасында мереке алдындағы ұжымдық отырыс кезінде бірден 120 адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Кейбіреуінен омикрон штамы да анықталған.

Йонас Гар Стёре, Норвегия премьер-министрі:

- Бәрі де пандемияның тезірек аяқталғанын қалайды. Рождествоны да бұрынғыдай атап өткізгіміз келетіні рас. Алайда қазір елдегі эпидахуал күрделі. Омикрон штамы да қауіпті күшейтіп отыр. Сондықтан бұрынғыдай бір метр қауіпсіз қашықтық сақтауымыз керек. Ондай мүмкіндік болмаса, масканы шешпеңіздер. Ұйым басшылары қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беруі тиіс. Және ең бастысы, вакцина қабылдамағандар болса, тезірек екпе салдырыңыздар!

Швецияда маска тағу тәртібі қайта күшіне енді 

Швецияда коронавируспен ауруханаға түсіп жатқан науқастар саны басқа елдермен салыстырғанда біршама аз. Алайда кейінгі уақытта вирус жұқтыру деңгейі ақырындап артып барады. Мұның үстіне мұнда омикрон анықтылды. Сондықтан билік сақтықта қорлық жоқ деп, бүгіннен бастап шектеу шараларын енгізді. Енді тұрғындар қоғамдық көлікке маскасыз міне алмайды. Қызметкерлердің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшірілді. Артынша студенттер онлайн оқып, мейрамханалардың жұмыс уақыты шектеледі.

Магдалена Андерссон, Швеция премьер-министрі:

- Бізде жан сақтау бөлімінде жатқан науқас көп емес. Халықтың біразы вакцина салдырған. Алайда соңғы уақытта ауру жұқтыру деңгейі артып бара жатқанын байқап отырмыз. Ешкім былтыр көктемдегі жағдайдың қайталанғанын қаламайды. Сондықтан сақтық шаралары жайлы ұмытпауымыз керек.

Бельгияда ереуілдер басылар емес

Бельгияда эпидахуалдың нашарлауына байланысты шектеу шаралары күшейтілген. Алайда биліктің шешіміне қарсы наразылық акциялары толастар емес. Соңғы шара полицейлермен қақтығысқа ұласты.

Алайда мамандар шектеу шараларын күштейтпесек болмайды деп отыр. Өйткені Бельгияда кейінгі уақытта өлім көрсеткіші артып барады. Науқастар арасында 9 жасқа дейінгі балалар көбейген. Оның үстіне мұнда омикрон штамы анықталып, қауіптің беті сейілмей отыр.

Жұлдыз Атагельдиева