Англияда коронавирусқа қарсы күрес шаралары күшейтілді

Англияда Омикрон штамының кең тарауына байланысты коронавирусқа қарсы күрес шаралары күшейтілді. Даунинг стритте өткен баспасөз мәслихатында Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон қыс маусымына арналған үкіметтің ковидке қарсы қосымша жоспарымен бөлісті.

Англияда дүйсенбіден бастап, мүмкіндігінше үйден жұмыс істеуге кеңес беріледі. Ал ертеңнен бастап театр, кинотеатр сияқты жабық ғимараттардың басым көпшілігінде міндетті түрде бетперде тағу қажет. Бір аптадан кейін түнгі клубтар мен адамдар көп жиналатын жерлерде вакциналау төлқұжатын немесе тест нәтижесін көрсету міндеттеледі. Омикрон штамын жұқтырғандармен қарым-қатынаста болғандар оқшауланудың орнына күнделікті тест тапсырып отыруы қажет. Бірақ Джонсон «бұл локдаун емес, ал халық рождество мерекелеуден бас тартпауы керек» деп мәлімдеді.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі:

– Біз рождестволық шаралардың болмағанын қаламаймыз. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек мерекелемеуге еш негіз жоқ. Бірақ ауаны желдетіп, қолды жуып, тест тапсыруды ұмытпау керек. Ең дұрысы мерекелеу кезінде өзіңіздің және өзгелердің ковидтен аман екендігіне сенімді болғаныңыз абзал.

Жаңа шектеулер туралы ақпарат Даунинг-стриттегі шумен тұспа-тұс келді. Бір жылға жуық уақыт бұрын Борис Джонсонның айналасындағылар рождестволық ойын-сауық кешін ұйымдастырғаны белгілі болып отыр. Елде локдаун жарияланып, шектеулер күшейтілген кезде биліктегілердің сауық-сайран құрғаны сол кезде үйде қамалып отырған қарапайым халықтың ашу-ызасын тудырды.

Кир Стармер, оппозициялық лейборшылар партиясының көшбасшысы:

– Ойын-сауық кешінің өткені айдан анық. Оған қатысқан адамдар жауапқа тартылуы керек. Премьер-министрдің өзі бұл мәселе жөнінде ағынан ақтарылсын. Ол ережелердің ешбірі бұзылған жоқ деп ақталғысы келеді. Халық ауруханада хал үстінде жатқан туыстарымен кездесе алмаған кезде биліктегілердің сауық-сайран құрғаны жаға ұстатарлық жағдай.

Парламенттік дебаттар кезінде Борис Джонсон елден кешірім сұрап, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылатындығын жеткізді. Сарапшылардың пікірінше, үкімет басшысы үшін бұл ауыр сынақ. Жақтастары мен ниеттестерінің оны әрі қарай қолдау-қолдамауы уақыт еншісінде. Айта кету керек, бірнеше күн қатарынан елде күніне 100-ден астам адам ковидтің жаңа штамын жұқтырып жатыр. Биліктегілердің пайымдауынша, науқастардың саны әлі де көбеюі мүмкін. Өйткені зерттеулерге сәйкес Омикронды жұқтыру жағдайларының екі есе артуы үшін 2-3 күннің өзі жетіп жатыр.

Ғалымжан Қараманұлы