Египетте құмды дауыл соқты

Египетте құмды дауыл соқты

Ауа райы әлемде де мың құбылып тұр. Бір елде алапат өрт мыңдаған гектар орманды шарпыса, енді бірі теңізден соққан дүлей дауыл салдарымен күресіп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Мысыр астанасы Каирде сұрапыл құмды дауыл соқты. Сағатына 65 шақырым жылдамдықпен соққан желден шаһарды лезде шаң-тозаң басты. Тұрғындар күннің көзін көре алмай қалды. Қолайсыз ауа райының кесірінен аймақтағы мектептер жабылып, бірнеше порт жұмысын тоқтатты. Табиғаттың тосын мінезінен ешкім зардап шекпеген.

ДҮЛЕЙ ДАУЫЛ ДҮРЛІКТІРДІ      

Ұлыбританияда да табиғат тосын мінез танытты. Бесінші құрлық қазір күйіп жатса, кәрі құрлықтың бірнеше елін теңізден соққан дауыл дүрліктірді. Жел екпіні сұрапыл. Жылдамдығы сағатына 138 шақырымға жетті. Нөсерлетіп жауған жауын мен қалың қардан аймақта су тасқыны жүрді. Салдарынан Ұлыбритания мен Ирландияда электр сымдары үзіліп, жолдар жабылды. Мектептерде сабақ тоқтатылды. Қазір жергілікті мамандар төтеннен келген тосын жайдың зардаптарын жоюға тырысып жатыр.

ДАУЫЛДАН КЕЙІН ҚАЛЫҢ ҚАР ЖАУДЫ     

Барра деп аталатын дүлей дауылдан Испания да зардап шекті. Табиғаттың тосын мінезінен елдің солтүстігінде күтпеген жерден қалың қар жауды. Осыған байланысты билік өкілдері көлік жүргізушілерін барынша сақ болуға шақырып жатыр.

Көлік қозғалысы басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта Арагон, Наварра, Кастилия мен Леонда бас-аяғы 13 тас жол жабылған. Ал теңіз жағалауы маңындағы бірнеше қалада сақтық мақсатында жағажайлар қызмет көрсетуді уақытша тоқтатқан.

Синоптиктердің болжамынша, аймақтағы апатты жағдай демалыс күндеріне дейін жалғасады.

АУА РАЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНДЫ

Ал Ресейдің Новгород облысындағы 12 ауданның тұрғындары ауа райының қолайсыздығынан жарықсыз қалды. Қазір аймақта төтенше жағдай жарияланған. Жуырда аталған облыс аумағында қар аралас жаңбыр жауған еді. Қазір төтенше жағдай қызметінің мамандары жағдайды реттеу үшін аймаққа қосымша күш жұмылдырып жатыр.