Еуроодақ халықты үшінші доза алу жағынан асықтырып жатыр

Еуроодақ халықты үшінші доза алу жағынан асықтырып жатыр

Еуропалық Одақтың дәрі-дәрмектерді бақылау жөніндегі агенттігі омикрон штамының таралуына байланысты бустерлі дозаны 3 айдан кейін салуға кеңес берді.

Бұған дейін күшейткіш доза алғашқы вакцина егілген соң 6 айдан кейін салынатын. Осыған байланысты Бельгия билігі тұрғындарды бустерлі дозаны тездетіп салдыруға шақырды. Себебі соңғы уақытта Корольдікте вирусты жұқтырғандар саны қайта артқан. Осы елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, соңғы бір аптада тәулік сайын 17 мың адам коронавирусты жұқтырып алған. Ауруханаға түскен науқастар саны 11 процентке артып, өлім-жітім 16 процентке өскен.

Марко Кавалери, ЕО Дәрі-дәрмек агенттігі вакциналау және жұқпалы аурулармен күрес бөлімінің басшысы:

- Бустерлі дозаны 6 айдан кейін алу жөн деп табылғанымен қолда бар мәліметтер оны 3 айдан соң да алуға болатынын көрсетіп отыр. Зерттеулер оның қауіпсіз әрі тиімді екенін дәлелдеді. 

Бельгияда індет басталғалы коронавирустан 27 мыңнан астам адам көз жұмған. Қазір Корольдіктегі жансақтау бөлімдерінде 825 науқас жатыр. Егер халі мүшкіл науқастардың саны  1 мыңнан асса, билік індетке қарсы шектеулерді қатаңдатуы мүмкін екенін айтады. Жалпы Бельгияда 2 миллионға жуық адам ревакциналаудан өткен. Бұл Корольдік халқының 20 проценті.