Украинада пластикалық пакеттерді тегін таратуға заңмен тыйым салынды

Украинада пластикалық пакеттерді тегін таратуға заңмен тыйым салынды

Енді азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердегі пластикалық пакет сатылатын болады, деп хабарлайды Хабар 24.

Ал 2023 жылы Украина үкіметі целлофаннан мүлдем бас таруды көздеп отыр. Егер кәсіпкерлер заңды бұзып, бір реттік пластик пакеттерін тегін таратқан болса, оларға 130 доллардан 1300 долларға дейін айыппұл салынады. Голди Украинаға Англиядан келген, ол азық-түлік дүкеніне матадан жасалған сөмкемен баруды он жылдан бері әдетке айналдырған. Пластик пакеттері бұл елде тегін берілетінін көргенде  шошып әрі таңқалыпты.

Голди, Киев қаласының тұрғыны:

– Бір рет қана қолданатын пластик пакеттерін осы елде көп кездестіремін. Неге? Бұл өте өкінішті, мен оны түсінбеймін.

Енді «Полиэтилен пакеттерінің айналымын шектеу туралы заңның» бірінші кезеңі бойынша Украинада пластик пакеттерді тегін таратуға тыйым салынды.  Қазіргі күні бір целлофанның құны Украинада 1-ден 3 гривнаға дейін, яғни 48 теңгеге сатылады. Пластик пакеттерін азық-түлік дүкендерінде тегін таратқан кәсіпкер жазаға тартылады. Айыппұл көлемі 130 доллардан 1300 долларға дейін жетеді.

Руслан Стрелец, қоршаған орта және табиғи ресурстар министрі міндетін атқарушы:

– Әрбір Украина тұрғыны жыл сайын 500-ге дейін бір рет қолданылатын сөмкелерді пайдаланады. Бұл пакеттердің өмірлік циклі бір сағат қана. Дүкенде тауар аласыз, содан үйге әрі қарай қоқыс жәшігіне апару, кейін оны полигонға барады, өйткені мұндай жұқа және жеңіл пакетті қайта өңдеу заңда қарастырылмаған.

Укрина пластик пакеттерін пайдалануды шектеген және тыйым салған 87 мемлекеттің қатарына еніп отыр. Ал 2023 жылдан бастап ел үкіметі целлофанды айналымнан толығымен алып тастауды жоспарлайды. Қоғамның басым бөлігі мұндай жаңалықты қуана қабылдады. 

– Өте қуанарлық жайт, бұрыннан қолға алу керек қадам деп есептеймін.

– Бұл оңды әрі қоғамға өте қажет іс деп айтуға болады.

– Өте қуаныштымыз, пластик пакеттердің бағасын тағы да көтеруге болар еді, өйткені табиғатқа зияны орасан.

– Өте дұрыс шешім. Пакеттердің сатыла бастағаны дұрыс болды. Адамдар ақша төлегенде ғана ойлана бастайды.

«Полиэтилен пакеттерінің айналымын шектеу туралы заңның» екінші кезеңі бойынша 2023 жылы жұқа пластик пакеттер мен целлофандардың сатылымына толығымен шектеу салынады. Әр украиналық жылына қоқысқа 500-ге жуық целлофан пакет тастайды. Украинада оның 6 проценті ғана қайта өңделеді.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко