Оңтүстік Корея экологиялық таза қоғамдық көлікті қолданысқа шығарды

Оңтүстік Корея көшелерінде қоғамдық көлік ретінде екі қабатты электр автобустары жүре бастады, деп хабарлайды Хабар 24.

Жоба әзірге Сеулге жақын орналасқан қалаларда ғана іске қосылды. Маршрутқа 44 көлік шығарылды. Қарапайым автобус бір мезгілде 40 адамды тасымалдай алады, ал екі қабатты электромобильде 70 орын бар. Техника Кореяда шығарылды. Экологиялық таза көліктер соқтығысты болдырмау және автоматты тежеу жүйелерімен жабдықталған. Смарт жүйе автобус жолақтан шыққан кезде жүргізушіге ескертеді. Сонымен қатар автокөлік климаттық бақылаумен жабдықталған. Электр автобусының кемшілігі - 20 градус аязда аккумуляторлар тез отырады. Бірақ өңірде мұндай ауа райы сирек кездеседі

Пак Си Хва, жүргізуші:

– Қуаттау 40 минуттан бір сағатқа дейін созылады. Оны 100 процентке қуаттаудың қажеті жоқ. Өйткені толық зарядталғанда автобус 270 шақырым жол жүре алады. Ал мен бір ауысымда 197 шақырым жүремін.