Омикрон штамы дельтадан қауіпті емес – ДСҰ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың омикрон мен дельта штамдарының қауіптілігін салыстырды.

Айтуынша, омикрон вакцинаның тиімділігін төмендеткенімен дельта түрі сияқты қауіпті емес көрінеді. Мәселен, мамандардың зерттеуі бойынша омикрон штамын жұқтырған науқаста ауру симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді. Десе де, ғалымдардың бұл болжамы әлі де зерттеліп жатыр. 

Омикронның желше таралуына байланысты Британия үкіметі елде ревакцинация шарасын бір ізге қоймақ ниетте. Жуырда ел премьер-министрі Борис Джонсон халыққа жасаған үндеуінде бустерлік дозаның маңыздылығына ерекше тоқтала кетті.

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер- министрі:

- Сарапшылардың айтуынша, вирустың жаңа штамынан тек ревакцинация арқылы құтыла аламыз. Біреулер бустерлік дозаны алар алдында зерттеу жұмыстарының нәтижесін күтпекші. Алайда менің ойымша, ревакцинация қажетті шара. Омикрон денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін. Қазір вирус өте тез тарап барады. Оңтүстік Африка Республикасында бір аптаның ішінде дертке шалдыққандар саны екі есеге артып кетті. Омикрон біздің елде де тіркелді.