Қырғызстан астанасында қоғамдық көлік тапшы

Қырғызстан астанасында қоғамдық көлік тапшы. Қазір Бішкек көшелерінде 3 жүздей автобус пен троллейбус қатынайды. Ал шаһарға бұдан 5 есе көп қоғамдық көлік қажет, деп хабарлайды Хабар 24.

Бішкек тұрғындарының саны бір миллионнан асқанына талай уақыт өтсе де, қала билігі қоғамдық көлік мәселесін әлі күнге дейін шеше алмай келеді. Бюджет тапшы болғандықтан, автобус, троллейбуспен толық қамтуға шамасы жетпейді. Бірнеше рет жаңасы сатып алынғанмен, ол ескі көліктерді ғана ауыстырғанға ғана жетіп, жалпы саны көбейтілмеген. Ал түрлі өндірушілерден сатып алынған автобустар мен тролейбустар заманауи стандарттар мен әлеуметтік талаптарға сай келме бермейді.  

Улан Нажимудинов, Бішкек троллейбус басқармасы жобаларды асыру бөлімінің бастығы: 

– Мүмкіндігі шектеулі адамдардың кіріп-шығуы үшін қайырмалы пандус болуы маңызды. Сонымен қатар едені аласа қоғамдық көлік егде жастағы кісілер, балалар мен жүкті әйелдер, яғни әлеуметтік жағынан осал топтарға қажет. 

Бішкек тұрғындары адам көп сиятын үлкен автобустар қажет дейді. Бірақ қалада мұндай көліктің тек бірнешеуі  қатынайды, оның өзінде бұл автобустар тәжірибе ретінде әкелінген немесе қайырымдылық көмек арқылы сыйға тартылғандар. Осындай қымбат техниканы сатып алу үшін қаланың жүйелі саясаты болуы керек. Ал әзірше бар ауыртпалық шағын автобустарға түсіп жүр. Алайда жылдан жылға олардың да саны азайып келеді. 

 Сагынбек Уулу Нурбек, Бішкек қалалық көлік басқармасы бастығының орынбасары:

– 2015-16-жылдары қала көшелерімен 4-5 мың шағын автобус қатынайтын. Қазір орта сыйымды көліктің саны не бары 1500-1700 төңірегінде. Жанармай мен шағын автобустарды қалпында ұстап, күту құны өскенімен, ұзақ уақыт бойы жолақысы көтерілген жоқ. Сол себептен жүргізушілер жұмыстан шығып, шетелге күнкөріске кетеді.

Енді бұл мәселені жартылай шешуге Азияның даму банкісі көмек бермек. Тақауда 120 элетробус сатып алуға 50 миллион доллар бөлінбек. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі көлік инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалады. Тағы бір мың автобус Қазақстаннан жеткізіледі. Бұл туралы келісімге үкімет төрағасы Ақылбек Жапаровтың Нұр-Сұлтанға жасаған сапары барысында қол қойылды.

Бақыт Чермашев