АҚШ-та балаларға екпе салуды жеделдетпекші

Нью-Йорк билігі балаларға екпе егу шарасын жылдамдатуды көздеп отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Жаңа талапқа сәйкес, 12 жастан асқан жасөспірімдер желтоқсанның 27-сіне дейін толық вакциналануы тиіс. Ал 5 пен 11 жас аралығындағы балалар жоқ дегенде, екпенің бірінші дозасын салдыруы керек. Бүгінде статистика бойынша Нью-Йоркте 12 жасқа дейінгі балалардың 19 проценті ғана толық егілген. Биліктің жаңа шешіміне сәйкес, бұдан былай коронавирусқа қарсы вакцина салдырмаған балалар қоғамдық тамақтану орындарына және сыныптан тыс үйірмелер мен спорттық іс-шараларға қатыса алмайды.

Билл Де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

– Нью-Йорктың ең жас тұрғындарын коронаиврустан қорғауымыз керек. Омикрон жастар арасында тез тарап барады. Жастарымыз егілсе, егде жастағы тұрғындар да қорғалады деген сөз. Әрі егілген тұрғын қоғамдық іс-шаралардан шеттетілмейді. Сондықтан екпе егу науқанына белсене қатысуға шақырамын.