Африка халқының сегіз проценті ғана екпе салдырған

Африка елдері коронавирусқа қарсы вакциналау жоспарын іске асырып үлгермеуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осылай деп дабыл қағып отыр.

Негізгі жоспар бойынша 2024 жылдың екінші жартысына дейін құрлық халқының 70 проценті екпе салдыру керек. Алайда препарат барлығына бірдей қолжетімді емес. Соның салдарынан қазір Африкада вакцинаның екі дозасын да қабылдағандардың үлесі 8 процентке де жетпейді. Ол аздай, мұнда омикрон тез тарап барады. Жаңа штамды жұқтырудың алғашқы деректері осы құрлықта тіркелген. Қазір Оңтүстік Африка Республикасында омикрон басым штамға айналған.

Фиона Атухебве, ДДСҰ өкілі (Конго Демократиялық Республикасы):

– Вакциналау қарқынын арттыру арқылы біз мыңдаған адамның өмірін сақтап қала аламыз. Қазір омикрон тез тарап жатыр. Ал Африка халқының көбі екпе салдырмаған. Құрлықтағы екі ел – Маврикий мен Сейшел аралдарында ғана халықты вакциналау деңгейі жоғары. Оларда көрсеткіш 70 проценттен асып кетті. Алайда басқаларындағы жағдай күрделі. Африкадағы 10 мемлекетте вакцина қабылдаған халықтың үлесі 2 процентке де жетпейді.