Бразилияда қала басшысы мен депутат төбелесті

Бразилияның Борба қаласының мэрі Симау Пейшото мен оның бұрынғы кеңесшісі әрі қазіргі депутат Эринеу да Силва ММА ережелері бойынша өзара жекпе-жек өткізді. Бұл туралы Inquirer Sports сайты хабарлады.

Үш раундтан тұрған кездесу қала орталығындағы спорт кешенінде ұйымдастырылып, теледидардан көрсетілген. Жекпе-жек қорытындысы бойынша шаһар басшысы жеңімпаз деп танылды.

Айта кетейік, шенділердің рингке шығуына олардың арасындағы кикілжің себеп болған. Аталған басылымның мәліметіне сәйкес, жанжал қоғамдық жағажайды абаттандыру ісінен басталған. Ойлары бір жерден шықпаған шенеуніктер әлеуметтік желіде сөзге келіп, ақыр соңында шаһар басшысы қарсыласын жекпе-жекке шақырыпты.