Прагада бір жарым мыңдай адам көше кезіп жүр

Чехия билігі оларды далаға тастап жатқан жоқ. Қыста түнемелік орын немесе уақытша баспана береді, деп хабарлайды Хабар 24.

Вакцинаны да тегін салдыртады. Дегенмен мұндай мұқтаж, кәріп адамдардың саны өсіп барады. Бұрын көше кезбелерінің тек үштен бірі ғана баспанада тұруға келісетін. Ал биыл 800-дей адам қыс маусымын жылы жерде өткізуге ниет білдірген. Жалпы Прагада қыс кезінде үйсіздер қонатын 500-ден аса төсек-орын дайындалды. Тіпті кейбір мейманхананы баспанаға айналдыру да жоспарланған. Алайда әлеуметтік қызметкерлер өз тәжірибесіне сүйеніп, мұндай қажеттілік болмайды дейді. 

Яромир Шпак, әлеуметтік баспана директоры:

– Бізде бәрі ерікті түрде өтеді. Егер адам өмірін өзгерткісі келсе, мүмкіндік береміз. Құжаттарын қалпына келтіріп, емдеп, жұмысқа орналастырамыз. Бірақ оған көбі келісе бермейді, өйткені тәртіп ережелері бар. Талаптарымыз қиын емес. Тек салауатты өмір салтын ұстанып, заң бұзбау. Өкінішке қарай, жартысынан көбі мұнда тек аяздан сақтану үшін келеді. Күн жылығанда қайтадан көшеге қашып кетеді.

Якуб Малецки үш жыл қатарынан баспанада қыстап келді. Бірақ күн жылығанда бірден көшеге қашатын. Оған фабрикада күзетші болып жұмыс істеу де ұсынылған. Бірақ Якуб бас тартып, қоқыс орындарында ыдыс жинап, соны сатумен күн көретін. Биыл ұзаққа қаламын дейді, өйткені билік баспана тұрғындарына түгел вакцина салуды көздеп отыр.

Якуб Малецки, баспанасыз:

Көршім және менімен бірге сауда жасап жүрген құрбым коронавирустан қайтыс болды. Екеуі де дем ала алмай қалған. Көпірдің астында тұрып жатқандардың дені келесі аптада баспанаға бармақ. Адам секілді Рождествоны атап өту үшін. Ал кейін қалалық әлеуметтік үйге көшемін деп үміттенемін. Көшеге оралуға қорқамын, жасым келіп қалды.

Үйсіздерді баспанамен қамтуға және вакциналауға кететін бүкіл шығынды Прага мэриясы өтейді. Қазірдің өзінде бұл жобаға жүз мыңдай доллар жұмсалды. Қараша айында қаладағы мұқтаж жандарды тестілеп, екпе салатын қосымша орындар ашылды. Волонтерлер де 600 тонна азық-түлік және жылы киім, дәрі-дәрмек жинап берді.

Авторлары: Александр Грэс, Павол Демитра