Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялар мерзімін ұзартты

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы, экономикалық санкциялар мерзімін тағы жарты жылға ұзартты, деп хабарлайды Хабар 24.

Мұндай шешім Брюссельде өткен саммитте қабылданды. Бұдан басқа Ресей Украина аумағына басып кірген жағдайда АҚШ және Ұлыбританиямен бірлескен түрде қосымша жаза тағайындалатыны ескертілді. Осының алдында Ақ үй Кремльді Украинаның шығыс шекара жағына 100 мыңнан астам әскер шоғырландырды деп айыптаған еді. Бұған ресми Мәскеу «өз шекарамыздың бойында не істесек те өзіміз білеміз, аталған әскер қорғану мақсатында апарылды» деп жауап берді. Сондай-ақ жиында «кәрі құрлық» елдерінің шекарасындағы гуманитарлық дағдарысты қолдан жасады деген айыпқа ұшыраған Беларуське қарсы да жаңа санкциялар әзірлеу қажеттігі айтылды. Саммитте эпидахуал мәселесі де талқыланды. Мәселен, Италия өзге одақтас мемлекет азаматтарынан вакциналау куәлігімен бірге ПТР-тестінің нәтижесін талап етіп, басқа Еуропалық елдердің қарсылығына тап болуда. Ал Еуроодақ мүшелері энергия бағасына қатысты тіл табыса алмады.

Урсула Фон дер Ляйен, Еурокомиссия президенті:

– Біз Ресейді шекара маңындағы шиеленісті азайтуға және кез келген басқыншылық әректеттен бас тартуға шақырамыз. Ресеймен арамыздың жақсы болғанын қалаймыз, бірақ бұл көп жағдайда Мәскеудің таңдауына байланысты. Ал Еуроодақ елдеріне бустерлі дозаны толық вакциналаудан кейін 6 айдан кешіктермей қабылдауды ұсынамыз. Осыдан кейін сертификат 3 ай бойы жарамды болады.

Шарль Мишель, Еурокеңес төрағасы:

– Біріншіден, Еуроодақ елдерінің кейбір басшылары Қалдықтарды саудалау жүйесінде бағаны көтеру фактісі бар деп күмәнданады. Екіншіден, ортақ қаржыны жүйелеуде шикілік көп. Ақыры «Жасыл инвестициялар» ережелері мен энергия көздеріне баға белгілеуде келісімге келе алмадық.