Израильде лаңкестіктен гөрі көлік апатынан көп адам көз жұмады

Статистика бойынша биыл 300-ден астам адам жол бойында ажал құшқан. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 25 процентке көп.

Құрбандардың 30 проценті жаяу жүргіншілер. Еврей елі жол апатының саны мен зардабы бойынша дамыған мемлекеттер арасында алғашқы орында тұр. Тіпті сарапшылар Израильде жол апатынан көз жұмғандар саны қарулы қақтығыстар мен лаңкестіктен қаза тапқандардан көбірек екенін алға тартады.

Ал мамандардың айтуынша, қайғылы оқиғалардың басты себептері бағдаршамның қызыл түсіне тоқтамау, жылдамдықты асыру, арақашықтық сақтамау және жүргізушілердің дайындық деңгейінің төмендігі. Өйткені оларға көлікті дұрыс тізгіндеуді емес, емхитаннан сәтті өтуді ғана үйретеді екен. Тағы бір себеп - жол полициясы жетіспейді. 10 жыл бұрын олардың қатары 450-ден асса, қазір 200-ге де толмайды.

Юрий Брант, адвокат:

- Кез келген жағдайда тіпті жаңбыр мен қар жауған кезде де көлікті дұрыс жүргізуді үйретудің орнына азаматтарға тестіні сәтті тапсыру жағы көбірек түсіндіріледі. Жақсы жүргізуші болуға оларды ешкім үйретпейді. Сөйтіп, жолда қиын жағдайға тап болғанда жүргізушілер сасқалақтап, рульді басқара алмай қалады.

Энди Ефимович, автокөлік сарапшысы:

- Менің ойымша, жүргізушілер бірін бірі сыйламайтын сияқты. Әркім өз ойын дұрыс санайды, «мен асығыспын, сондықтан маған жол беруі керек» деп есептейді. Кішкентай кемшілік үлкен қасіретке әкелетінін ешкім ескермейді.