Лондон орталығындағы ғимарат Қазақстан туының түсіне боялды

Қазақстан Тәуелсіздігі күні құрметіне Лондон орталығындағы ғимарат көк тудың түсіне боялды.

30 жылдықтың логотипы да қасбеттен көрініс тапты. Бұл Ұлыбританияның басты ауданы Трафальгар алаңы жанында орналасқан тарихи ғимараттардың бірі. Бой көтергеніне бір ғасырдан астам уақыт болған. Қазір мұнда Қазақстан Республикасының елшілігі жұмыс істейді. Kazakhstan House деген маңдайшасы бар нысанның жанынан күнбе-күн миллиондаған туристер мен жергілікті тұрғындар өтеді. Тәуелсіздік күні кешінде Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да ғимарат жанында жиналып, әнұранды орындады.

- Осы мереке-тоймен құттықтағым келеді. Аман болыңыздар, сау болыңыздар. Мереке құтты болсын. Алға, Қазақстан!

- Барлық жақсылықтарды тілеймін. Бұл өте жақсы бастама. Мен Қазақстанды қолдаймын!

Түркия тәуелсіздік күнімен құттықтады

Түркия астанасы Анкарадағы көп қабатты ғимарат көк туға оранды. Туыстас жұрт осылай елімізді 30 жылдығымен құттықтады. Бұл ғимараттар Анкарадағы министрліктер даңғылында орналасқан Түркия Биржалар және Палаталар Одағына тиесілі. Түркияда тәуелсіздік тойы кеңінен аталып өтіп жатыр. Елдің шартарабындағы муниципалитеттер мен үкіметтік емес ұйымдар 30 жылдыққа арнайы шара ұйымдастырып, туыстас халыққа деген ыстық ықыласын білдірді.