БҰҰ Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберді

Біріккен ұлттар ұйымы Ауғанстанға гуманитарлық көмектің екінші партиясын жөнелтті, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл жөнінде босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының бас кеңесшісі Франк Ремус мәлімдеді. 40 тоннаға жуық жүк Ауғанстанға Өзбекстанның Термез қаласындағы хабтан жеткізілді. Ас үйге қажетті жабдықтар, жылы көрпелер сынды заттар жинақталған. Бұл тауарлар қазан-қараша айларында Термез қаласындағы Карго орталығына әкелінген.

БҰҰ өкілінің айтуынша, бұған дейін ауған еліне көмек көрсету үшін Пәкістан, Иран елдерінде арнайы хаб құрылған. Енді Ауғанстанның солтүстік бөлігін Термез қаласы арқылы толық қамту мүмкіндігі туды. Сондықтан бұл хаб стратегиялық маңызға ие.

Исматулла Эргашев, Өзбекстан президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі:

– Бізде Сұрхандария облысында тұрып жатқан ауған босқындарын мәжбүрлеп жер аудару жоспарлары жоқ. 14-15 тамызда Әмудариядан өткен босқындардың саны 150-ге жуық. Олардың қаржылық мүмкіндіктері өте шектеулі. Көбінің отбасылары Ауғанстанда қалып қойған. Біз олардың жағдайларын жақсы түсініп отырмыз. Мен босқындардың кейбірімен сөйлестім. Егер тәліптер оларды қыспаққа алмаса, түрмеге қамаймыз немесе атып өлтіреміз деп қорқытпаса, елдеріне қайтуға дайын екендіктерін айтты. Ал тәліптер болса, бұл азаматтар еліне қызмет етсе, онда кешіретіндіктерін мәлімдеді.