Кореяда дрондар адамға кофе әкеліп береді

Оңтүстік Кореяда 4 жарым мыңнан астам дрон қызметте жүр. Бұл дрондар адамдарды құтқарады, қылмыскерді ұстайды, тамақ та жеткізіп береді. Әйтеуір жұмыстың қай түріне де ерінбейді.  

Елде 4 жыл ішінде дрон нарығы 7 есе өскен екен. Мұндай дерек Сеулдегі мамандандырылған көрмеде айтылды.

Кореяда жыл сайын ұшқышсыз ұшатын аппараттың жүздеген жаңа үлгісі пайда болады. Ал үкіметтің басты мақсаты атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту болғандықтан баламалы энергия көздерімен жұмыс істейтін дрондар жасала бастады. Бұл құрылғы күн арқылы зарядталады. Ол 56 жарым сағаттан астам уақыт тоқтамай ұшып, корей рекордын жаңартты.

Чон Дже Пэк, зерттеуші:

- Күннен қуат алатын дрондар жеңіл және ұзақ ұша алады. Күндіз батареялар күннен қуат алады, түнде осы энергиямен ұшады. Басқа көліктер аккумуляторды зарядтау үшін жерге түсуі керек, ал біздікі аспанда ұзақ тұрады. Сондықтан ол табиғи апаттарды, орман өрттерін бақылау және ақпарат жинау үшін қолданылады.

Ұшқышсыз аппараттың тағы бір жаңа қуат көзі сутегі. Жанармай багы платина қосылған материалдан жасалған, сондықтан ол оқ өткізбейді. Бұл оны жарылудан қорғайды. Бірақ соған қарамастан мұндай ұшқышсыз ұшақ әскери емес, азаматтық мақсатта жасалған.

Чой Хо Джин, компанияның бөлім бастығы:

- Бүгінгі күнге дейін дронды алыс қашықтыққа жіберу мүмкін болмады. Мысалы, бақылаушы ұшқышсыз аппарат зарядтау үшін бірнеше рет қайтып оралуға мәжбүр болды. Сутегі аппараты бір ұшқанда өз міндетін орындай алады. Мысалы, ол ұзақ қашықтықтағы нысанға жеткізу, ауылшаруашылық жұмыстар, тіпті дезинфекциялауды да атқара алады. Оның арнайы механизмі бар.

Дронды басқаруды үйретуге арналған арнайы компьютерлік бағдарламалар бар. Көрмеге келушілер де өздерін ұшқыш ретінде сынап көрді.

Владислав Цой, тілші:

- Мынау дрон ойыншыққа ұқсаса да оны басқаруға машықтану керек. Бұл сайыста дрон белгіленген ауданды айнала ұшып өтіп, қауіпсіз жерге қонуға тиіс.

Көрме ұйымдастырушылары ұшқышсыз аппараттардың мүмкіндіктерін көрсетті. Бір құрылғы суға батып бара жатқан адамға құтқару шеңберін әкелді. Тағы біреуі көлік министріне ыстық кофе жеткізді. Тағы бірнеше дрон лаңкестердің ұшағын жойып, оқиға орнынан суреттер жіберді. Бұл технологиялар Сеулде қолданысқа енеді. Үкіметтің жоспары бойынша қалалық әуе көлігі жобасы 2025 жылы басталады.

Владислав Цой, Ольга Лян