434,07 496,10 5,71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркияда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай саябақ салынып жатыр

  • 168
  • UPD: 11:25, 19.12.2021
Түркияда Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай саябақ салынып жатыр

Түріктер қазаққа арнап Анкараның қақ төрінен саябақ салып жатыр. Осы жерден киіз үй пішінді дәмхана ашып, біздің ұлттық тағамдарды дайындайды. Саябақтың ішіне қаз қатар қазақ ойшылдарының мүсінін де орнатпақ. Ең аяғы, мұндағы ағаш атаулыны да Қазақстаннан әкеліп егіп жатыр. Түркіні тамырынан тартқан Анадолы жұрты мұның бәрін, тәуелсіздікке тартуымыз дейді.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияны қарыштап араласаңыз, Қазақстан мен қазақтың біртуар ақын-жазушыларының және тұлғаларының есімімен аталған саябақ, даңғыл және көшелерді кездестіруге болады. Міне бүгін 16 желтоқсан күні Анкараның қақ ортасындағы құнды жерде Қазақстан-Түркия бауырластық паркінің негізі қаланды. Саябақтың ерекшелігі әрбір өсімдік пен ағаштар Қазақстаннан арнайы жеткізілген. Сондай-ақ мұнда келесі жылы қазақтың біртуар тұлғаларының ескерткіштері де бой көтермек.

Жалпы аумағы 13800 шаршы метр болатын саябақта спорт алаңы, балалардың ойын алаңы және веложолақ болмақ. Демалыс орнының қақ ортасында 16 түркі жұртының нышаны іспеттес шатырлы орындықтар орнатылады. Бастысы, саябақтың басым бөілгіне ағаш егілді.

Мұрт Көсе Өз, Мамак муниципалитеті басшысы:

- Мың жылдық бауырлас халықпыз. Түркістан - біздің атажұртымыз. Сондықтан осындай маңызды күнде Қазақстанға саябақты тарту етіп отырмыз. Саябақта қазақ тағамдарын дайындайтын сәулеті киіз үйге ұқсас дәмхана ашпақпыз. 2022 жылдың жазына дейін ақтап, түбі бір түркі жұртының мерекелік шараларын осы жерде атап өтсек дейміз.

Хикмет Эрен, Экоеуразия экономикалық қатынастар қауымдастығы басшысы:

- Жобаның атауы да ерекше. Қазақстан-Түркия бауырластық саябағы басқа да муниципалитеттерге үлгі болады деп сенемін. Болашақ ұрпақтарымызға аманат ететін мекен болды. Саябақ екі елдің қатынастарына және жергілікті халықтық бауырлас қазақ жұртын одан да жақын тануына мүмкіндік береді. 

Анкарадағы тәуелсіздік тойы Мамак ауданынан кейін Кечиөрен муниципалитетінде жалғасты. Жергілікті әкімшілік ғимаратында мемлекеттік туымыз желбіреп, мерекелік шара ұйымдастырылды. Кечиөрендіктер де мамактықтардан аспаса, кем түспеді. Ауданда 97 мың шаршы метр алаңда Елбасының есімімен ірі саябақ ашылмақшы.

Тургут Алтынок, Кечиөрен муниципалитеті басшысы:

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін Кечиөрендегі 97 мың шаршы метрлік саябаққа бердік. Онда халықтың демалыс орны мен ірі спорттық кешен орналаспақ. Алдағы наурыз-сәуір айында салтанатты рәсіммен ашпақпыз. Түрік ұрпақтары өзінің ата-бабасын білсін деп Назарбаевтың өмірбаянын жазылған ескерткіш те орнаттық.

Ыстамбұлда Абай алаңы, Кападокияда Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, Анкарада Қазақстан даңғылы. Бұл аталған мекендер Анадолыдағы Қазақстанға қатысты бірнешеуі ғана. Мұндай жерлердің саны көп. Дегенмен, туыстас жұрт пен дипломаттарымыз мұнымен шектелмейміз дейді. Алдағы уақытта 81 провинцияның бәрінде қазақы атаулар болмақ.

Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы