Ауғанстаннан 200 адам эвакуацияланды

Ресей қорғаныс министрлігінің Ил-76  әскери ұшақтары ауған жерінен 200 адамды эвакуациялады.

Олардың қатарында ресейлік азаматтар мен қырғызстандықтар және Ресейде оқып жүрген ауған студенттері бар. Ұшақ жолай Тәжікстан мен Қырғызстанға соғып, соңында Мәскеу облысының Чкаловский әуе айлағына қонды. Дәл осы ұшақ кеше Ауғанстанға 36 тонна гуманитарлық көмек жеткізген болатын. Жалпы тамыздың 26-сынан 1 желтоқсанға дейін Ресей билігі ауған жерінен 770 адам эвакуациялады. Олардың арасында Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Армения, Украина азаматтары бар. Ал ұшақтар Ауғанстанға құр бармай, 100 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізген.